Жыл басында тырнақалды фильмін көрерменге ұсынған Жахан Отарғалиев кино әлеміндегі жұмысын жалғастырмақ. Дәл қазір түсірілім тобын жасақтаған ол "Джохан" фильмінің екінші бөлімін түсіруді бастап кетті. Алайда бірінші фильмнен көңілі қалған көрерменнің Отарғалиевке айтары бар, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Көпшілікке вайнер, актер ретінде танылған Жахан былтырғы жылы продюсерлікке бет бұрамын деп шешім қабылдады. Ол алғашқы фильмін түсіру үшін үйін сатылымға шығарды. Кинокартина жарыққа шыққан соң, Қазақстанның қалаларын аралады.
Жарнамасы жер жарғанымен, көзі қарақты көрермен "Джохан" фильмінің сәтсіз шыққанын айтуда. Екінші бөлімнің түсірілімі басталды дегенді ести салысымен, көпшілік оның болашағына теріс болжам жасады.
"Онша емес. Осы жерден тоқтата ғой", "Маған да ұнамады", "Джохан-1"-де ұйықтап қалайын дедім", "Біріншісі дым қызық болған жоқ", "Кино мүлдем ұнаған жоқ. Актерлік шеберлік жетіспейді, күле бересің ыржалақтап, жараспайды еркекке. Ана күзетші болған досыңыз дым қызық емес, сөзі анық емес. Киноны ойнап жүріп түсірген сияқтысындар", "Қоя салшы, Джохан. Вайн түсіріп жүре берсей. Кино түсіруді Қоянбаевқа қалдыр", - деп пікір білдірді желі қолданушылары.