Бағлан Әбдірайымов құмар ойынға салынған кезі жайлы айтты

278

Фото: скриншот из видеоҚұмар ойынға бас сұғып, 200 мың доллардан айырылған Бағлан Әбдірайымов уақыт өте келе бұл "дерттен" айыққаны туралы хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 



"Казино ойнап, ұтылып, дымсыз жүрген кез. Қаладағы тіршілік, отбасы, бастың амандығы бәрі жайына қалған. 
Қайда барсаң, қысатын қарыз. Мені іздеп жүрген біреулер. Күні-түні есіктің алдын бөтен машина күзетіп тұратын. 
Розадан (келіншегім): "Бағлан қайда?" - деп сұрайды екен түрі жаман, бөтен кісілер", - дейді Әбдірайымов.
Тура жолдан тайып, адасқан Бағлан ол шақта үйіне келуді қойған. Бас сауғалайтын жалғыз панасы - таныс ағасының үйі. Ешкім танымайтын мекенде өзімді еркін сезінетін едім, дейді әнші. Алайда Бағлан тыныштық тапқан үйдің иесі әнші туралы теріс пікірде болып шыққан. Шындық ашылғанда, ол Бағланның жүрегіне оқ болып қадалған көрінеді. 

"Үйге барғым келмей, бір ағаның үйіне бардым. Ешкім білмейді, ешкім танымайды. Ал маған зор тыныштық беретін сол үй. Әдеттегідей таңда сол үйге келдім. Жаттым, ұйықтадым. Түс қайта аузым кеуіп, басым сынып, шөлдеп ояндым. Жуынып алып, кешке қайта сол казиноға баруға әрекет жасадым. Үйден шығайын деп тұрғанда есік алдында гүбір-гүбір таныс дауыстар әңгіме айтып жатыр. Дауыстарын анық таныдым. Жаймен сол әңгімеге екі құлақты қастарына созып, тыңдап тұрдым. Мен туралы ғой. 
"Мына Бағлан болды. Дымы жоқ. Дүниесі жоқ. Зомби. Қарызға кіріп кеткен. Іздеп жүрген адам көп. Бұны ешкім құтқармайды. Сен де алыс жүр, кесірі тиіп кетерр. Мен де "келме" деп айта алмай жүрмін. Бұл енді адам болмайды", - деп жаңағы ағам досыма айтып тұр ғой", - дейді Әбдірайымов.

Жанына жақын тартып жүрген ағасының аузынан мұндай сөзді есту Бағланға оңай соқпаған. Алайда әнші естімегендей кейіп танытып, сол үйге баруды жалғастыра бергенін айтады. 
"Әрі қарай өмір жалғасып жатты. Өз-өзіме сұрап қойып, не үшін адасқаныма жауап іздедім. Шын мойындадым. Жанашыр бауырлармен көп сырластым. Іштегі мұңды, қоқысты сыртқа шығардым. 
Мен әлі жаспын. Бәрін түзеуге болады. Адамдар не үшін ойнайды? Соңы не? Мен кіммен? Қандай дәрежеде жүрмін? - деген мың сұрақты өзіме қойдым. Жауап іздедім. Арым ластанып кеткенін түсіндім. Мойындау 
керек болды", - дейді Әбдірайымов.


Әнші сол шақта журналист Аман Тасығанмен көп сырласып, ақыр аяғында оған сұхбат берген. Аталған сұхбатты көрген көрермен әншіге қолдау білдірген. 


"Халықтың қолдауы Құдайдың қолдауы емей немене? Осыдан күш алдым. Іздендім. Спорт, ат, тау, жақсы орта, бәрі қалыптасты. Дамыдым жылай бермей, жақсылыққа өзім қадам бастым. Дені сау адамға дүние бітер деп құрметті өзіме жасадым. Қарыздан қашқан жоқпын. Осы екі ортада күйзелістен шығатын бір затты пайдаландым. Оны айтпаймын", - дейді Әбдірайымов.