"Дәрігерлер 3 айлық қызыма инені ары-бері тығып өлтіріп алды!" - Жамбылдық тұрғын

336
Жамбыл облысы Меркі ауданында 3 айлық бала дәрігерлердің қолынан шетінеп кетті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 

Сәбидің   анасының   әпкесі   әлеуметтік  желіге бейнежазба     жариялады. Туыстарының сөзінше, қан тамырдан сынама алмақшы болған медбике тамырды таппай, баланы әбден қинаған.

"Үлкен инемен ары-бері тығып, таппай қойған. Бұл кезде бала шыңғырып жылапты. Кейіннен көгеріп, тынысы тоқтап қалды. Біз айқай көтерген соң бір дәрігер қызды қолына алып, реанимацияға жүгірді", - деді әпкесі.

Сонымен қатар , дәрігерлер нәрестеге диагноз қоя алмай, түрлі болжамдар айтқан. Тіпті өкпені жасанды желдету аппаратына әрең қосқан.

"Қыздың 2 рет жүрегі тоқтап, қайта соққан. Үшіншісінде мәңгілікке тоқтады. Енді дәрігерлер қыздың ауру болғанын айтып, жалған сөйлеуде. Аурухана басшылығы бәріне өзімізді кінәлап жатыр. Қабылдауға келмеген, қаралмады деп өтірік айтуда", деді нәрестенің туыстары.

Тараздан білікті мамандар келгенше, нәресте 30 минут бұрын шетінеп кеткен.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Толқын Өмірбаева әлеуметтік желіде нәрестенің неден қайтыс болғаны жөнінде ақпарат жариялады.

"Баланы алғаш қабылдаған сәтте жағдайы ауыр болған. Қайтыс болған нәресте 2 күн бойы ауырған. Тіпті, 3 айлығына дейін мамандардың қабылдауына әкелмген. Тыныс алуы қиындап, жүрек-қан тамыр жүйесі зақымданған. Кейін белгілі болғандай, сәбидің миына қан бармай қалды", дейді.