Атаулы көмек алатын балаларға азық-түлік орнына 5 мың теңгеден берілетін болды
Қазір Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасылардағы балаларға ай сайын азық-түлік пен тұрмыстық химия жиынтықтары беріледі. Оның ішіне балаларға арналған пюре мен печенье, пастерленген сүт, май, бал және тағы басқа да тағамдар кіреді.
Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, биылғы 9 айда осындай азық-түлік жиынтықтарын 178,4 мың отбасы алған. Бұл іске 16,7 миллиард теңге кеткен.
Ал енді жаңа жылдан бастап тамақтың орнына балаларға ай сайын 5 мың теңге (1,5 АЕК) көмек беріліп отырады.
— дейді Премьер-министр.
Атаулы әлеуметтік көмек табысы аз азаматтарға кешенді әлеуметтік көмек көрсетуді көздейді:
біріншіден, бұл ақшалай төлем;
екіншіден, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша шаралар, яғни оқытуға, жастар практикасына, қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік жұмыс орындарына, шағын несие беруге, тұрақты жұмыс орындарына жолдама беру;
үшіншіден, мүгедектерді әлеуметтік оңалтуды қамтитын әлеуметтік бейімдеу шаралары, заң кеңесін өткізу, тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығындарды өтеуге тұрғын үй көмегін алуға жәрдемдесу, тұрғын үй беру үшін және балабақшаларға кезекке қою, сондай-ақ әйелдер консультацияларында есепке алу және өзге де шаралар (секциялар, үйірмелер, факультативтік сабақтар және мектеп жасындағы балалар үшін тегін тамақтану)
төртіншіден, табысы аз отбасылардың балалары үшін кепілдендірілген әлеуметтік топтама (азық- түлік жиынтығымен және тұрмыстық химия жиынтығымен қамтамасыз ету; оқу орны бойынша тегін тамақтануды, мектеп формасы мен мектеп керек- жарақтарын, қалалық қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүруді ұсыну).