Аралдық кәсіпкер түйе сүтінен шоколад жасап шығармақ
Арал ауданына қарасты Сексеуіл кентінде сапалы түйе сүті сатылуда. «Ақнар» брендімен нәрлі сусын шығаруды қолға алған ерлі-зайыптылар өнімді ауданнан бөлек, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе және Шымкент қаласына жіберіп жүр,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Былтыр «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасымен грант ұтқан Дәулет Шымкенов пен жұбайы Нұрсұлу Жолмахан бүгінде отбасылық бизнесті осылайша дөңгелентіп отыр. Мемлекет қолдау көрсеткен 3 млн теңге қаржымен арнайы технология арқылы түйе сүтін өңдеп, әдемі ыдыспен сатылымға шығаруда. Қосымша 4 адамды жұмысқа алып, айына 700 литр шұбатты тапсырыс берушілерге жөнелтіп отыр.
«Түйе сүті сиыр мен жылқының сүтіне қарағанда екі-үш есе минералға бай. Шұбаттың өзгелерге қарағанда майлы әрі құнарлы болып келетіні сондықтан. Мемлекеттен алған қаржыға әкелінген ресейлік жартылай автоматтандырылған құрылғы арқылы сүтті өңдейміз. Ал түйе сүті жеке қожалықтардан таза әрі табиғи күйінде қабылданады. Ыңғайлы бөтелкеде, той-думан дастарханының сәнін келтіретіндей етіп дайындаудамыз. Келешекте бұл кәсіпті ұлғайтып, түйе сүтінен шоколад өнімдерін шығарғымыз келеді. Бұған қосымша түйенің еті мен өркеш майын да осындай үлгіде арнайы қаптамаға салып, өз тұтынушыларымызға ұсынсақ деген жоспарымыз да жоқ емес.», – дейді сексеуілдік кәсіпкер.