Былтыр 400 мыңға жуық қазақстандық прокуратураға жүгінген

1 505

Фото: facebook.com/GenProkRK2023 жылы прокуратураға азаматтар мен заңды тұлғалардан 373 мыңнан астам жолданым келіп түскен, -  деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі  Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.

Бас прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, жолданымдардың негізгі бөлігі – 158 мыңы әлеуметтік-экономикалық саладағы мәселелерге қатысты болды. Жолданымдардың үштен бірінен астамы – 138 мыңы сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің заңдылығы туралы. Сондай-ақ 27 мың қазақстандық қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот актілерімен келіспейтіндерін білдірді. 171 мыңнан астам жолданым прокурорлармен тікелей қаралып, қалғандары құзыреті бойынша уәкілетті органдарға жолданды.

Жеке қабылдаулар барысында прокурорлар 51 мыңнан астам азаматты қабылдады, ал әрбір үшінші арызды прокуратура басшылығы арызданушылардың қатысуымен қарады. Қарау нәтижелері бойынша 48,9 мың арыз берушінің құқығы қорғалып, 5,6 мыңнан астам прокурорлық қадағалау және ден қою актілері енгізілді.

Қылмыстық процеске қатысушылардың құқығы мен мүддесі 18,2 мың жолданым бойынша қорғалғанын ерекше атап өткен жөн. Қылмыстық қудалау органдарының 2,2 мың заңсыз процестік шешімдерінің күші жойылды. Прокурорлар істерді объективті шешуге бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексерулер бойынша 3,4 мың нұсқау берді.

Мәселен, Бас прокуратураға В. Цой мен Қ. Қарабаев алаяқтық фактісі бойынша Астана қаласының ішкі істер органдарының заңсыз қылмыстық қудалауына шағымданған. Іс материалдарын тексерумен «Банк Центр Кредит» АҚ және «Объектілерді оңалту дирекциясы» ЖШС арыздары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің негізсіз жүргізілгені анықталды. Өйткені тараптар арасында қылмыстық-процестік тәртіппен шешілуге жатпайтын азаматтық-құқықтық қарым-қатынас туындаған. Осыған байланысты Бас прокуратура қаңтарда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатты.

Прокуратураның міндеттерінің бірі – азаматтар мен кәсіпкерлердің әлеуметтік-экономикалық саладағы құқығын қорғау. Бұл бағытта прокуратура 10 мың жолданым бойынша құқық пен мүддені қалпына келтірді.