АУДАН ӘКІМІ НҰРЖАН АХАТОВ 5 АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ
256
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, өткен жұма күні аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы Еңбекші, Жиделіарық, Жуантөбе, Бестам, Телікөл ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, 3 ай бұрын айтылған мәселелердің шешілу барысын баян етті,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуге ауыл тұрғындары, ауылдың абыз ақсақалдары, сондай-ақ Шиелі ауданының прокуроры Нұрбек Қаратаев, аудандық мәслихат хатшысы Тұрмағанбет Жағыпбаров пен бірқатар мекеме басшылары қатысты.




Тұрғындар тарапынан көтерілген алғашқы мәселе интернет желісінің жылдамдығына қатысты болатын. Бұл мәселені шешу үшін жуырда Жуантөбеде «Activ» байланыс қондырғысы орнатылып, интернет байланысы тұрақтанған. Сонымен қатар, «Beeline» байланыс құрылғысын орнатуға жер телімі белгіленіп, биіктігі 22 метр болатын арнайы мұнараны жеке кәсіпкер Еркін Асанбаев жасатуда. Аяқ су жүретін жолдарды тазалау жұмыстары да өз деңгейінде жүргізіліп, шаруа қожалық төрағаларының демеушілігімен Жуантөбе, Бестам, Телікөл а/о аяқ су кіретін каналға арнайы бөгет орнатылып, су жолдары тазартылған. Ал егістік жерлердің айналасындағы қазылған орлар көміліп, жайылымдық жерлер ашылды. Мұның барлығы ауыл тұрғындары көтеріп, шешімін тапқан мәселелер болатын.

Сондай-ақ, көшелерге жаяу жүргіншілер жолуын салу үшін жауапты бөлімге өтінім берлісе, мал жайылымдық жерлер қожалық төрағаларымен келісімге келу арқылы, пада ұйымдастыру мәселесі ауыл әкімінің ұйымдастыруы арқылы шешілген.

Телікөл ауылдық округіндегі кездесуге тоқталар болсақ, аудан әкімі өткен жиында айтылған бірнеше маңызды мәселенің жауабын берді. Мәселен, елді мекендегі учаскелік полицейдің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін аудандық ішкі істер бөлімі қызметкері, ауыл тұрғыны А.Сикеров учаскелік инспектор болып бекітілген. Ал елді мекенге жаңадан дәрігерлік амбулатория салу үшін «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасы аясында 8 елді мекен жобаға енгізілген. Соның бірі Телікөл ауылдық округі. Тұрғындар көтерген пада ұйымдастыру мәселесі де көктемде шешімін табады.
Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі