Жеті жасар қызды екі алабай талап тастаған

308
Бауырын қорғамақ болып қос алабайға таланған жеті жастағы қыздың жақындары тергеудің созбалаңға салынғанына наразы. Оқиға  жарты жыл бұрын болса да, қабаған иттің иесіне еш шара қолданылмаған, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Ал ауыр жарақат алған Мәдина әлі күнге дейін емделіп жүр. Өйткені иттің тісі батқан беті мен жамбасы уақыт өте қисая бастапты. Пластикалық ота тек 15-ке толғанда ғана жасалады екен.

Полицейлер қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді. Яғни қылмыс дәлелденсе, иттің қожайыны бір жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


Бүлінген бетінен бөлек, жамбасына аяусыз батқан иттің екі азу тістерінің іздері де қыздың денесінде әлі көрініп тұр. Сол оқиғадан кейін қызымның мінез-құлқы өзгеріп, тұйық болып қалды дейді анасы. Ал иттің иесі көмектеспек түгілі, кешірім де сұрамады деп отыр.


Осылай жаттым дейді. Көзімді жұма бердім дейді. Бірақ ит тырнай берген, жұла берген, аяғынан тартқан. Ит иесі келген жоқ. Кешірім сұрап та, менің алдыма да келген жоқ. Қашып жүр ғой, бір сөзбен айтқанда”, – дейді қыздың анасы Жансая Тұрсын.


Бұл оқыс оқиға биыл жазда Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылында болған. Көшеде ойнақтап жүрген Мәдинаны көршісінің екі бірдей  иті талап тастаған. Артынша, қаршадай қызға тап берген төрт аяқтының видеосы да жария болды. Оқиғадан кейін бірден арыз жазған анасы арада жарты жыл өтсе де, істің әлі сотқа жетпегеніне қапалы. Сондай-ақ иттің иесі тек әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлмен құтылып кете ме деп қорқады.


Тергеу басқармасында болдық, қабылдауында. Ол кісілер бізде практика жоқ деп отыр. Қазақстанда ит талағаннан біреу сотталды, қылмыстық жазасын алды деген тәжірибе бізде жоқ дейді. Міне, алты ай өтті. Сол уақыттан бері іс әлі сотқа да жеткен жоқ. Ешқандай шара қолданылмады. Бір орында тұр”, –дейді Мәдинаның жеңгесі Гүлжан Білманова.


Анасының айтуынша, Мәдина төңіректегі кішкентай балалармен және сіңлісімен бірге ойнап жүрген. Сол кезде аузын ақситып үріп тұрған алабай сіңілісіне қарай шауыпты. Алайда қаршадай Мәдина сіңлісін қорғаймын деп итке бетін тосқан.


Ал полицейлер қазір тергеудің жүріп жатқанын жеткізді.


Талғар ауданының полицейлері аталған деректі ҚР ҚК 114 бабы 3бөлігі бойынша тіркеді. Денсаулыққа абайсызда зиян келтіру. Барлық қажетті тергеу шарасы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде баланың ауруханадан шығарылғаннан кейін жүргізілетін сараптамалар да бар. Іс бойынша түпкілікті процесс шешімі сараптама нәтижесі бойынша қабылданады. Істің тергеуі департамент басшылығының қатаң назарына алынды”, – дейді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин.


Егер қылмыс анықталса, иттің иесі бір мың айлық есептік көрсеткіш немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Дегенмен Мәдинаның жақындары иттің иесі тезірек жазаға тартылып, моральдық шығынды өтесін деп талап етіп отыр. Өйткені қызының ем-домына көп қаражат керек. 


Сондай-ақ мұндай жағдай қайталанбас үшін қаршадай қызға шапқан алабайларға да  шара қолдануды сұрайды.