Қызылордада мемлекет қаржысына орнатылған «ақылды» аялдамалар неге жұмыс істемей тұр?

1 573
Қызылорда қаласында «Ақылды қала» жобасы бойынша салынған электронды тақтайшалар жұмыс істемей тұр,-деп хабарлайды  «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Қазіргі таңда қолға алынған жобалардың қайсысын қарасаңда аяқсыз қалған сыңайлы. Сол сияқты «Ақылды қаланың», «Ақылды аялдамасы» да «ақымақ» күйінде аяқсыз қалып отырғандай. Негізі іске қосылып, халық игілігіне берілсе, өте жақсы дүние екенініне еш шүбәміз жоқ. Өйткені аялдаманың қасынан орын алған  электронды тақтайшадан қоғамдық көліктердің  қай уақытта келетіні, көліктің нөмірін көрсетіп тұратын сыңайлы. Бұл дегеніміз қара халықтың сарыла күтетін қоғамдық көліктің уақытын біліп, сол уақытта мінуге болатындығының дәлелі. Жаңалыққа жаны құмар қала тұрғындары үшін жақсы жаңалық болғанымен кәдеге жарамағандығы көңілге қаяу салады. Осы орайда, «ақылды қала» жобасы бойынша елімізде 2014 жылы Қарағанды облысының маслихат депутаты 21 ақылды аялдама үшін 10,5 миллион теңге жұмсауға қарсылық білдіріп, бір аялдама 500 мың теңгені талап ететіндігін алға тартып, өз сөзінде: «Ең ақылды аялдама ол қала халқын жаңбыр мен боранды қыстан құтқаруы тиіс. Ал ол автобус көрсеткіші болмаса да ол тұрғын сол жерде сол келгенше тұратындығы хақ»,-деген С.Сыздыкова. Ал, елордамыз 2015 жылы ақылды аялдама үшін деп 10 миллион теңге қаржыға толығымен жылу құбырымен жабдықталған аялдамаларды ұсынған болатын. Біздің билік бұл жаңалықты басқа шебінен көрген болар, қаламыздың бас көшелеріне 26 дана электронды аялдамалар орнатылғандығы белгілі болды. Бүгінде бір автобустың келіп-кетуін көрсете алмаған, тіпті бірде–бір рет қосылмаған «ақылды аялдама»-ның қажеті қанша? Қала тұрғындарының пікірі бойынша:

«Мен бұл тақтайды сендер сұрамасаңдар, көрмеппін де, талдардың арасында тұр ғой. Расында ол не?»,- деді Манат Музаппарова. Енді бірі қаламыздың жастары да «шынымен бұл не өзі?» деп үңірейе қарауда.  Қолға алынып,  қалаға еңсесін тіктетіп орнатылған аялдама қаншама қаражатты талап етті екен? 2020 жылы бой көтерген бұл «қарт» қалаға «ақылды» аялдаманың қажеті қанша? Дегенмен іске қосылып, халық игілігіне пайдаланып жатқаны көрінген емес. 

«Білуімше бұл аялдаманың тұрғанына 1 жылдай уақыт болып қалды. Бірақ әлі жұмыс жасап жатқанын көрген емеспін. Мүмкін қала тұрғындарына қолдануға беріліп, халық игілігін көрсе өте жақсы дүние деп ойлаймын. Бірақ кез-келген мәселенің оң мен  сол жағын қараған дұрыс секілді. Мүмкін маған тиімді болғанымен, кейбір адамдарға  ұнамауы мүмкін.  Алдағы уақытта іске қосылатын шығар, кішкене сабырлық пен күткен дұрыс болар деген ойдамын» дейді қала тұрғыны Ақниет Құдайберген.




Жалпы осы мәселе бойынша біздің ақпарат агенттігі жауапты мекемеден жауап алдыртқан болатын. Қызылорда қаласының тұрғын үй шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі төмендегідей мәлімдеме жасады:

«Қызылорда қаласындағы аялдамаларға электронды тақталар 2019 жылы орнатылды. «Ақылды қала» жобасы бойынша аялдамаларға электронды тақталарды орнатуға облыстық бюджеттен 21 700,0 миллион теңге бөлінді. Ағымдағы  жылы арнайы бағдарламаларын орнатып іске қосу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, мердігер мекеме анықталғаннан кейін тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Қызылорда қаласы үшін ақылды аялдаманың тиімділігі, қала тұрғындарының өзіне керекті қоғамдық көлік бағыттарының жүрісін нақты уақыт режимінде бақылай алады»,-дейді .  

Онысы шынымен де керемет-ақ. Бірақ 2 жылға жуық уақыт кәдеге аспаған құрал, іске қосылмай-ақ жарамсыз болып қалмауына кім кепіл? Бірақ та, «Ақылды аялдама» емес «Ақылды автобус» іске қосу керек сияқты. Өйткені уақытын көрсететін аялдамадан, уақытылы жүретін автобус болуы тиіс секілді. Себебі Қызылорда қаласында өзекті мәселенің бірі, қоғамдық көліктердің уақытылы жүрмейтіні, жүргеннің өзінде маршруттардың тапшылығын алға тартып, ауыз толтырып айтуға болады. Кәдеге жарамаған «ақылды» аялдаманың  кімге керегі бар?  Егер автобус өз уақытында жүрмесе. Миллиондаған қаржыны болмайтын іске емес, халық  игілігін көре алатындай етіп тиімді жұмсау керек емес пе?! Сонда ғана біз «ақылды» қала типіне ене аламыз. Түптеп келгенде тілге тиек етіліп отырған «Ақылды» аялдаманы жұртшылықтың  бірі білсе, бірі білмесі анық. Себебі, «біз білмедік», «бұл не екен?», «мынау істемейді ғой», енді бірі «жылы аялдама дұрыс еді», «главное бар ғой» деп қалжындасқандар да бар.

«Мен мына аялдаманы білмейді екенмім. Не үшін тұрғанына да мән беріп қарамаппын. Сіздер түсіндіріп айтқаннан кейін барып қарап тұрмын. Мүмкін іске қосылса жақсы шығар. Қаражат жұмсайтыны бар автобус санын көбейтсе жақсы болар еді»- дейді қала тұрғыны Ажар.

Ақылды аялдаманың іске қосылмауына не себеп? Осы мәселеге тиісті мекеменің қашан іске қосарын, қай уақытқа дейін күтер екенбіз? Оспанов Бауыржан Әліпбайұлы  ақпараты бойынша, «мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, мердігер мекеме конкурстан жеңгеннен кейін тиісті шаралар жүргізіледі», деседі. Шындығына келген де, әлі біршама уақытты талап ететін сыңайлы. Алпауыт ел болу үшін «ақылды» болу міндетті емес сыңайлы. Атқарылатын әрбір іс-шараның тиісті мерзімі мен айқын бағыт-бағдары болса болды емес пе?!   Қара халықтың жағдайын жоғарыдағы сенімді серкелеріміз ойламағанда кім ойлайды? Атқа мінер ер азаматтарымыз халық жағдайын  қағаз жүзінде келістірмей, іс жүзінде қашан әрекет етер екен? Саны бар да, сапасы жоқ «ақылды» аялдамалардың пайдасы болса, қанекей?  Іске қосылмаған аялдамаларды салып көзбояушылық танытудың не керегі бар? 

Жылы аялдама. Үстін-үстін ытқыған қоғамдық көліктер мен жылдам автобустар нағыз «ақылды» қаланың бейнесі секілді. 

Тұмар ХАНЫМ