Соттан әділ шешім шығаруды талап еткен ер адам өзін өртемек болды

206
Қарағандының Полиция департаменті ғимаратының алдында ер адам өзін өзі өртемек болды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.


12 желтоқсан күні Қарағанды облыстық Полиция департаментінің алдында қала тұрғыны қолына жанармай құйылған құты алып, өзін-өзі өртеп жіберемін деп қорқытқан. Тәртіп бұзушымен департамент бастығының орынбасары келіссөз жүргізді. Оның заңсыз әрекеттерін тоқтату туралы талаптарына қала тұрғыны көнбей, өзіне және айналасындағыларға қауіп тудырған. Осылайша ер адам сотта қаралып жатқан азаматтық істі шешуді талап еткен.

Ағымдағы жылдың ақпан айында «Жан Дос» қоғамдық ұйымы Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты полиция бөлімдерінің айналасын қоршау бойынша тендер ұтып алған. Алайда, Қарағанды облыстық Полиция департаментінің мамандары тексеру кезінде «Жан Дос» қоғамдық ұйымы өкілдеріне жұмыстың сапасыз жасалғандығын көрсеткен. Аталған дерек бойынша департаменттің заң бөлімі сотқа арыз беріп, сот оларға 30 қарашаға дейін кемшіліктердің орнын толтыруға уақыт берген. Десе де жауап беруші тарап кемшіліктерді мүлде жоймаған. Сондықтан 6 желтоқсан күні Мемлекеттік сатып алу порталында Мемлекеттік сатып алу туралы заңның 12-бабы 4-тармағы 3-тармақшасына сәйкес, жіберілген кемшіліктерге байланысты бұрын жасалған келісім-шарт біржақты бұзылды. Келісім-шартты бұзуға шартта көрсетілген міндеттерді тиісінше орындамау себеп болған, - деп түсіндірді Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметінен.


Қазіргі таңда аталмыш іс бойынша материалдар соттың қарауында және оны қарау 2022 жылдың 14 желтоқсанына белгіленген.

Ал бұзақылық әрекетке барған ер адам өзіне және айналасындағыларға зиян келтірмеу мақсатында ұсталып, полицияға жеткізілді.