Оңалту орталығының қызметкерлері балаларға квота бергені үшін пара алған

258
Астанадағы балаларды ұлттық оңалту орталығы квота үшін ата-аналардан заңсыз ақшалай сыйақы алған, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.



Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саиннің өтініші негізінде жемқорлық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізді.

ҰТО қызметкерлерінің бірі мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарынан 60-тан 100 мыңға дейін ақша алғаны анықталды. Олар балаларды оңалту еміне квотаны сатқан.

Тергеу нәтижелері бойынша бірнеше жылға жалғасқан алаяқтық схема тоқтатылып, ата-аналарға келтірілген залал толығымен өтелді.


Сонымен қатар, тергеу барысында балаларды оңалту мәселелері бойынша бірқатар келеңсіздіктер анықталды. Мысалы, өңірлерде квоталар біркелкі бөлінбеді, ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілмеді, ашық және жалпыға қолжетімді кезек болмады. Сондай-ақ елде осындай республикалық орталықтар жетіспейді, – делінген хабарламада.


Нәтижесінде ҚР денсаулық сақтау министрлігінде өңірлерде республикалық орталықтарға квота бөлу жөніндегі комиссия құру туралы шешім қабылданды. Бұдан басқа, жақын арада оңалту еміне мұқтаж адамдардың жалпыға қолжетімді электрондық кезегі іске қосылады. Бұл шаралар реабилитацияны қажет ететіндердің барлығын есепке алуға және оңалту көмегін көрсету қызметтерінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Азаматтарды күмәнді тұлғалардың қызметтерін пайдаланбауға және балаларды емдеу мен оңалтуға жеңілдіктер алуды тек заңды негіздерде жүзеге асыруға шақырамыз. Осыған ұқсас фактілер бойынша ақпарат болған жағдайда 1424 нөмірі бойынша Call-орталыққа хабарласуды сұраймыз, – деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.