Сындарлы шақтан ширығып шықтық, ендігі міндет ауқымды
152
Тарих қойнауына еніп баратын 2022 жыл еліміз үшін сындарлы кезең болып, Тәуелсіз Қазақстан жаңа саяси реформаларға тың қадам жасады, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Бүкілхалықтық референдумда Конституцияға өзгерістер енгізу, Қазақстан Республикасы Президентін сайлау – ең ауқымды әрі аса маңызды саяси оқиға болды. Осы тұста Сыр халқы бірлік пен ынтымақтың мызғымас үлгісін тағы бір танытты.
Әділетті Қазақстан құру бастамасы жыл бойы саясаттың, экономиканың, идеологияның алтын діңгегіне айналды.
Жыл алмасар шақта әрбір істің елекке түсіп, ертеңгі күнгі бағыты пысықталатыны бар. Осы орайда, біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен жылды табысты әрі нәтижелі қорытындылауға толық негіз бар екенін айтуға тиіспіз. Өңірде заманауи әлеуметтік нысандар салуға, экономиканың барлық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптастыруға қол жеткізілді.
Облысымыздың даму жоспары бойынша өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру, экономиканың және кәсіпкерліктің жекелеген секторларын қолдау, жаңа жұмыс орындарын құру, сапалы мемлекеттік қызмет көрсету және өңірде әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған жұмыстар өз жалғасын табады.
Уақыт белгілеген міндеттер межесі
Биыл 11 айда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 0,3 пайызға (171,4 млрд теңге), өнеркәсіптің өңдеу саласы – 8,5 пайызға (216,7 млрд теңге), құрылыс жұмыстары көлемі 21,1 пайызға (106,4 млрд теңге), пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 6,4 пайызға (604,0 мың шаршы метр) және сауда көлемі 2,3 пайызға (555,0 млрд теңге) артты.
Келер жылғы облыстық бюджеттің көлемі 520 млрд теңгеге, яғни жарты триллион теңгеден астам қаржыға бекітілді.
Бұл 2022 жылға ұсынылған бюджет көлемінен (361,1 млрд теңге) 160 млрд теңгеге немесе 45 пайызға ұлғайды.
Бұл қаржы халықтың бірінші кезектегі қажеттіліктерін қанағаттандыратын жобаларға, яғни, инженерлік инфрақұрылымдарға, әлеуметтік нысандар құрылысына жұмсалады.
Ал негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 350,7 млрд теңгені құрап, 31,3 пайыздық өсім қамтамасыз етілді. Бұл өсім динамикасы бойынша республика өңірлері арасында облысымыз 1-ші орында. Ендігі жерде жылдың қорытындысымен барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсім қалыптастыруда тиісті шаралар қабылдануда.
Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапарындағы ресми делегациясының құрамында болдық. Сонда өткізілген бизнес-форумға облыстық делегация өкілдері де қатысты.
Форум аясында екі тарап су үнемдеу технологияларын енгізу, минералды тыңайтқыштарды сатып алу және ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын бірлескен кәсіпорын құру, күріш өсіру және ауыл шаруашылығы бағытындағы бірлескен жұмыстарды пысықтадық.
Жұмыс сапарының екінші күні мемлекет басшыларының қатысуымен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізіліп, шекаралас Науаи облысының хокимі Нормат Тұрсунов екеуміз екіжақты ынтымақтастықты дамытуды көздейтін арнайы Жол картасына қол қойдық.
Жол картасы аясында Қызылорда өңірі мен Науаи облысы арасында сауда-экономикалық және өндірістік ынтымақтастықты дамыту, инвестициялық және кооперациялық жобаларды іске асыру, білім, мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету, өзара тауар айналымын ұлғайту және туристік әлеуетті дамыту бағыттарында жұмыс жүргізу жоспарланған. Демек, біз бауырлас әрі көрші мемлекетпен сауда-экономикалық, сондай-ақ мәдени қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеретін боламыз. Науаи облысы тау-кен, металлургия, химия, энергетика, машина жасау, тоқыма және құрылыс материалдарын өндіруде Өзбекстанның ірі өнеркәсіптік орталығы саналады.
Өңірге келген Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смаиловтың сапары да табысты болды. Қолға алған маңызды жобаларды жүзеге асыруға уағдаластық жасадық. Үкімет басшысымен кальцийлендірілген сода зауытының құрылысын жедел бастау, өңірдегі тозығы жеткен электр желілерінің құрылысын салу және қайта жаңғырту, елді мекендерді газдандыруды қосымша қаржыландыру, коммуналдық сала мекемелері жұмысшыларының еңбек ақысын арттыру, суармалы егін алқабына қатысты жобаларды іске асыру (су қоймасы, каналдарды тазалау, т.б.), дарынды балаларға арналған физика-математика интернатының құрылысын, тағы да басқа әлеуметтік нысандар салу бойынша келісімге қол жеткізілді.
Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп келеді
Әрине, кәсіпкерлік біздің әлеуетімізді көтеруде үлкен маңызға ие. Биыл облыста жұмыс жасайтын шағын және орта кәсіпкерлердің саны 29,5 пайызға (66 054 бірлік), жұмыспен қамтылғандар саны 6,4 пайызға (107384 адам) өсті. 2022 жылдың жартыжылдығында шағын және орта кәсіпкерлік жүйесінде 232,5 млрд теңге шамасында өнім өндіріліп, жалпыөңірлік өнімдегі үлесі 15,5 пайызды құрады.
Президент халықты жұмыспен қамту, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін арттыру міндетін қойған. Осының негізінде кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 20 млрд теңге қаржы қарастырылды.Оның ішінде Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 9,5 млрд теңге бөлініп, 3452 кәсіпкерлік бастама гранттармен, 1198 жоба банктердің жеңілдетілген несиелерімен қамтамасыз етілді.
Ауыл кәсіпкерлерін қаржылай қолдау мақсатында «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығына әртүрлі көздерден 2,9 млрд теңге тартылып, жыл көлемінде 149 жобаға 943,5 млн теңге шамасында шағын несиелер табысталды.
Аграрлық несие корпорациясымен бизнестің 645 жобасына 10,1 млрд теңге несие ресурсы бағытталып, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібінде бірқатар өндірістер іске қосылды.
Осы арада айта кетейік, биыл 11 айда облыста жалпы сауда көрсеткіші 2,3%-ға ұлғайып, 555 млрд теңгені құрады. Оның ішінде, бөлшек сауда айналымы 337,8 млрд теңге, көтерме сауда айналымы 216,1 млрд теңге болды.
Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде шағын және орта бизнестің үлесін жыл қорытындысымен 20 пайызға жеткізу көзделуде.
Биылғы жылдың 7 қыркүйегінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы қатысуымен өңірдегі ірі бизнес өкілдерімен кездесу өткіздік. Сол кездесуде отандық өнім өндіру, азық-түлік қорын көбейту, жергілікті тауарөндірушілерді қолдау, өңдеу саласын дамыту мәселелері ашық талқыланды. Мұнай қорының сарқылуына байланысты газ өндіру көлемін арттыруға басымдық берілгенін, өндіріс орындарының жанынан ілеспе зауыттар ашу арқылы жаңа жұмыс орындары құрылатынын жеткіздік.
Өңдеу өнеркәсібіндегі өрлеу
Өңірде биылғы 11 айда өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 8,5%-ға артты. Мұндағы басты жаңалық – шыны зауытының іске қосылуы. Аймаққа сапарында Үкімет басшысы шыны зауытының өнімі Қызылорда облысында ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша құрылыс индустриясының дамуына серпін беретінін атап өтті.
Бүгінгі күннің өзінде 17 мың тоннаға жуық шыны Астана, Алматы, Шымкент қалаларына жіберілді. Алдағы уақытта Өзбекстан Республикасына экспортталады. Жыл аяғына дейін зауыт 30 мың тонна өнім шығаруды жоспарлап отыр. Ендігі кезекте зауыт айналасында 8-ден астам ілеспе кәсіпорын ашу көзделген. Оның ішінде 2 жобаны іске асыру бойынша жобалау жұмыстары басталды. Оларда композиттік материалдар, айналар өндірілмек.Қалған жобаларға инвестор тарту қолға алынуда.
Инвестиция – іргелі жобалардың алғышарты
Инвестициялық жобалар бойынша біз жұмысты жетілдіре береміз. Оның ішінде аймақ үшін маңызды агроөнеркәсіпті дамытуға бетбұрыс күшейеді. Жаңақорған ауданында «Қызылорда – Агроплюс» серіктестігінің томат пастасын өндіру жобасы басталмақ. Жоба құны – 50 млн АҚШ доллары. Мұның инвесторы әлемнің 13 елінде қызанақ өндірумен айналысатын түрік холдинг компаниясы – Коч Холдинг. Осы компанияның еншілес кәсіпорны – Tat компаниясымен бірлесіп, тамшылатып суару әдісімен 10 гектар жерге тәжірибелік қызанақ тұқымы егіліп, жаңа өнім жиналды.
2022 жылдың тамыз айында төрт тарап арасында (АШМ, Қызылорда облысының әкімдігі, «Орбис Казахстан» ЖШС, «Тат Гида») Жол картасы әзірленіп, атқарылатын шаралар мен мерзімдері көрсетіліп, бекітілді. Зауыт құрылысын бастау үшін жобалау жұмыстары әзірленуде.
Кеніштердің келешегі
Ал тау-кен металлургиясын дамыту мақсатында облысымызда «Шалқия» және «Баласауысқандық» кеніштерін игеру жобалары іске асырылуда.
«Шалқия» кен орны – дүние жүзіндегі ең ірі бес кеніштің бірі. Жаңадан жасалған стратегияға сəйкес қазіргі уақытта жобаның тау-кен бөлігі мен жерүсті кешендері бойынша түзетулер енгізілді.
Бүгінгі күні жерасты кенішінің құрылыс жұмыстары атқарылуда.
Комбинат құрылысын жүргізетін мердігер мекеме алдағы жылдың қаңтар айында белгілі болуы тиіс. Мұнда мыңға жуық жұмыс орны ашылады деген жоспар бар. Фабрика 2025 жылы жылына 2 млн тонна кен өңдеуге әлеуетті десек, одан әрі жылына 4 млн тоннаға дейін ұлғайту межесі бар.
Тау-кен металлургия саласындағы екінші жоба – «Баласауысқандық» кен орнын игеру. Бұл жоба 100% шетелдік инвестордың қатысуымен іске асырылуда. Мұнда 2016 жылдан бастап тәжірибелік-өндірістік кешен жұмыс жасайды. Ванадий кенішінен осы жылдың 11 айында 393 тоннадан аса аммоний метаванадаты Ұлыбританияға, 57,4 тонна ферромолибден Ресейге экспортталды. Өнім көлемін арттыру мақсатындағы жұмыстарды бастадық.
Өңірдегі үлкен проблема – мұнай өндіру көлемінің қысқаруы (жыл сайын 10-12%). Жалпы алғанда, 2013 жылдан бастап өндіру көлемі 60% төмендесе, жұмыспен қамтылғандар саны 23 мыңнан 11 мың адамға дейін, бюджетке түсетін түсімдер көлемі 2,5 есеге қысқарды.
Биыл облыста мұнай өндіру көлемі 303 мың тоннаға азайды. Нақтырақ айтқанда, 11 айда 3684,1 мың тоннаны немесе өткен жылмен салыстырғанда 92,4% құрады.
Пайдалы қазбалар бойынша ауқымды геологиялық зерттеулер өткен ғасырдың 40-шы және 60-шы жылдары жүргізілген және бүгінгі күні облыстың көп бөлігі геологиялық зерттелмеген.
Мұнай қорының сарқылуына байланысты жаңа геологиялық зетттеу жұмыстарына көңіл бөлудеміз.
Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарында республикалық бюджет қаражаты есебінен Шу-Сарысу, Сырдария және Арал бассейндерінде зерттеу жұмыстарын жүргізу көзделген.Шу-Сарысу бассейнінде өңірлік геологиялық зерттеу жұмыстары аяқталады. Ал биыл Арал бассейнін зерттеуге 1,9 млрд теңге («Батыс» учаскесі – 1 073,6 млн теңге және «Шығыс» учаскесі – 866,2 млн теңге) бөлінді.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ тереңдігі 5 мың метр тірек-параметрлік ұңғыманы бұрғылауды көздеуде. Бұл санатта «Gepetto мұнай технологиялары Корпорациясы» АҚ мұнай және газ кен орындарында қолданылатын химиялық реагенттер шығаратын зауыт салуды жоспарлауда.
Облысымыз Ресей, Өзбекстан, ҚХР, Швейцария, Германия, Италия секілді 50-ден аса мемлекетпен сауда-экономикалық байланыс орнатқан.
Ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айларында облыстың сыртқы сауда айналымы 722,9 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8 есеге артты, оның ішінде экспорт – 574,5 млн АҚШ доллары (1,9 есеге артты), импорт – 148,4 млн АҚШ доллары (1,5 есеге артты).
Қызылорда облысынан шет мемлекеттерге негізінен шикі мұнай, уран тотығы-шала тотығы, күріш өнімдері, ас тұзы, цемент экспортталса, шет мемлекеттерден дәрілік және медициналық мақсаттағы тауарлар, азық-түлік өнімдері, қара металдан жасалған бұйымдар және киім-кешек, тоқыма өнімдері импортталады.Ал облыстың жалпы сыртқы сауда айналымы құрылымындағы өңделген тауарлар экспортының үлесі 149,6 млн АҚШ долларын құрап, 47,6%-ға артты. Осылайша, сыртқы сауда айналымында 426,1 млн АҚШ доллары мөлшерінде оң сальдо қалыптасты.
Ағайынның арқасүйері – атакәсіп
Аймақтың агроөнеркәсіп кешенінде де ауқымды істер атқарылуда. Биыл жалпы сомасы 401,9 млн теңгеге 3 жоба іске асырылса, 2023 жылы 11 181,0 млн теңгеге 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылады.
Жыл басынан бері 169,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Биыл 188,5 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Ал негізгі дақыл – күріш көлемі 78,6 мың гектарды құрады. Күріш көлемі 5 мың гектарға қысқартылып, оның орнына суды аз қажет ететін малазықтық, майлы дақылдар, картоп, көкөніс, бақша көлемі 7,3 мың гектарға ұлғайды.
Нақты шараларды жүзеге асыру арқылы суды пайдалану тиімділігін арттыруға және инженерлік жүйеге келтірілген жерлерді сақтап қалып, егін саласын әртараптандыруға мүмкіндік берді.
Биыл дәнді дақылдардан 464,3 мың тонна, оның ішінде күріштен 444,6 мың тонна, майлы дақылдардан 5,8 мың тонна, малазықтық дақылдардан 299,0 мың тонна, картоп, көкөніс, бақшадан 418,7 мың тонна өнім алынды.
Мал шаруашылығын дамыту бойынша да жүйелі жұмыстар бар. Өңірде 402,8 мың бас МІҚ, 815,7 мың қой мен ешкі, 200,0 мың жылқы, 60,7 мың бас түйе мен 121,5 мың бас құс өсірілуде. Тиісінше, 35,2 мың тонна ет, 84,3 мың тонна сүт және 7,4 млн дана жұмыртқа өндірілді. Осылайша, ет өндірісі 2,1%, сүт 1,4% және жұмыртқа өндірісі 2,2%-ға артты.
Өңірдің өзекті мәселесі
Өңір үшін өте өзекті мәселенің бірі – су тапшылығын төмендету. Мемлекет басшысы Сырдарияның жоғарғы ағысындағы мемлекеттермен келіссөз жүргізіп, тиісті көлемде су бөлінуіне жағдай жасады. Барлық қаржы көздерінен жалпы ұзындығы мың шақырымнан астам 162 канал тазартылды. 156 дана насос алынып, 52 ұңғыма бұрғыланды, 322 гидротехникалық құрылыс жөндеуден өтті. Осындай нәтижелі жұмыстардың арқасында егістік жерлер сумен толық қамтамасыз етіліп, көлдер жүйесі суландырылды.
Су шаруашылығын дамыту алдағы уақытта да жалғасын табады. Айталық, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға қарай 16 канал цифрландырылады. Қазіргі таңда «Қазсушар» РМК облыстық филиалы 5 каналдың жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Бұған қоса, облыстың егіс көлемінің 60 пайызын сумен қамтамасыз ететін «Шіркейлі» каналына су бөлуді автоматтандыру үшін Австралияның «Рубикон» компаниясы зерттеу жүргізуде. Аталған шаралар арқылы су беруді реттеп, пайдалану тиімділігін арттыруға, егін саласын дамытуға мүмкіндік жасалады.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы мен Су саласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеуде. Оған өңірдің өзекті су шаруашылығы мәселелерін енгізу үшін ұсыныстар әзірленуде. Алдағы жылы су көлемі артады деп күтілуде.
Құрылыс салынса, тұрмыс жақсарады
Биыл облыста құрылыс саласы да ерекше қарқын алып, өткен жылмен салыстырғанда 21,1 пайызға өсті. Құрылыс көлемі 106,4 млрд теңгеге жетіп, 604 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Жыл басынан аймақта 115 нысан құрылысы жүргізіліп, бұл мақсатқа бюджеттен 24,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде, білім саласында 12 нысан – 9 мектеп, 2 балабақша мен оқушылар үйі, денсаулық сақтау саласында 6 нысан – емхана, қан орталығы, 3 амбулатория мен аурухана, мәдениет саласында 8 нысан – мәдениет үйі, 6 ауылдық клуб пен өнер үйі, спорт саласында 17 нысан бар.
1422 пәтерді құрайтын 32 тұрғын үй құрылысы жүргізілді. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту бойынша 38 жоба жүзеге асырылды.
Өңірде заманауи үлгідегі жаңа әлеуметтік нысандар салу бастамасы сәтті іске асырылуда. Сондай бастамалардың бірі – облыс орталығындағы «Өнер орталығы» мен «Неке сарайының» құрылысы басталды. Бұдан бөлек, келер жылы сол жағалауда «Қан орталығы» ел игілігіне беріледі.
Алдағы жылдары да құрылыс көлемі ауқымды болатынын айта кеткен жөн. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысына бюджеттен барлығы 41,6 млрд теңге бөлініп,137 нысан құрылысы жүргізілетін болады.
Білім саласында 22,3 млрд теңгеге 22 нысан бой көтереді. Оның 10-ы – «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын жаңа мектептер. Денсаулық сақтау саласында 5,2 млрд теңгеге салынатын 16 нысанның 12-сі дәрігерлік амбулатория және құны 36,5 млрд теңгені құрайтын, ауысымына 100 келушіге арналған емхана мәселесі шешілуде. Сол жағалауда онкологиялық орталық, қан орталығы салынып, Арал қаласында туберкулезге қарсы орталық жаңғыртудан өтеді. Бұл – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға себеп.
4,5 млрд теңгеге 11 мәдени нысан, спорт саласы бойынша 7 нысан, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту бойынша 62 жоба жүзеге асырылады.
Бюджет есебінен аймақта алғаш рет жеті қабатты 6 тұрғын үй салу жоспарланған.
Биыл туған жерін түлетуге атсалысып жүрген меценаттар мен кәсіпкерлер 9 млрд теңгеден астам демеушілік жасап, ауқымды жобалардың жүзеге асуына қолдау көрсетті. Олардың ішінде белгілі кәсіпкер, меценат, «Парасат» орденінің иегері М.Дүйсенбаевтың қолдауымен 1,5 млрд теңгеге «Анаға тағзым» орталығы салынуда. Нысан келер жылы мамырда пайдалануға беріледі. Өңірдің Түркістан аймағымен шекараласатын тұсынан 200 млн теңгеге облыстың кіреберіс қақпасы да бой көтеруде.
Жаңақорған ауданында 790 млн теңгеге заманауи демалыс паркі тарту етіліп, Арал ауданының Тоқабай ауылындағы апатты деп танылған мектеп жеке инвестор есебінен 500 млн теңгеге қайта салынуда. Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылында құны 350 млн теңгені құрайтын «Еңбекшілер аллеясы» бой көтерді.
«Қазгермұнай» бірлескен кәсіпорнымен келісім нәтижесінде облыс орталығында заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасы басталады. 2023 жылы 7 мың адамға арналған «Қайсар» футбол командасы жаңа стадионының құрылысын бастау жоспарда бар. Жаңа стадион құрылысына «Саутс Ойл» компаниясы демеушілік етуге ынта білдіріп, жобалау жұмыстары атқарылуда.
Жайлы жолдар желісі кеңейеді
Аймақтың автожол саласына да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл жол инфрақұрылымын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 17,6 млрд теңге бөлініп, 368 шақырым автомобиль жолдары мен көшелер, көпір өткелдері жөндеуден өтті. Осылайша, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық көрсеткішінің үлесі 82 пайызға жетті. Ал алдағы жылы республикалық бюджеттен 14,7 млрд теңгеге осы саладағы жұмыстар жалғасады. Бұл көрсеткіш биылғымен салыстырғанда 2 есе көп.
Келер жылдың соңына дейін облысқа республикалық бюджеттен 12,6 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарда тұр. Сонымен қатар, жергілікті жол желісін дамытуға облыстық бюджеттен 10,9 млрд теңге қаржы бағытталады.
Ақтөбе бағытындағы автомобиль жолында жүк көліктерінің ағымы жыл сайын орта есеппен 10 пайызға артып, тәулігіне 10 мың көлікке жетті.
Осыған байланысты Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейін 566 шақырымды 1-ші техникалық санатқа ауыстыруды уақыт талап етуде.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму және Қаржы министрліктері бірлесіп, осы жол учаскесін II санаттан l-санатқа (екі жолақтыдан төрт жолақтыға) ауыстыруға жоба-сметалық құжаттама әзірлеу үшін 2023 жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруға үкіметке ұсыныс жасалды.
Жол саласында өзекті мәселелердің біріне айналған «Қызылорда – Жезқазған» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Жоба үш жылда аяқталады.
Қалалық жолаушылар тасымалын тиімді ұйымдастыру мақсатында автобус паркі жаңартылды. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы үлкен сыйымдылықтағы 150 автобусқа тапсырыс берілді. Бүгінде оның 100-і келіп, жолаушыларға қызмет көрсетуде. Қалғаны алдағы жыл басында жеткізіледі. Қаладағы қоғамдық көлік мәселесін түпкілікті шешу мақсатында келер жылы тағы 150 автобус сатып алуға 1,4 млрд теңге қарастырылуда.
Облыстың әуе қатынасын дамыту үшін жаңа әуежай терминалын салу жөнінде шешім қабылданды. Құны 25 млн долларлық нысанды салу жеке инвестор Болат Өтемұратов қоры есебінен жүзеге асырылады. Әуежай құрылысы алдағы ақпан айында басталып, 2024 жылдың қыркүйегінде аяқталады. Ал әуежайдың қазіргі терминалы 100 млн теңгеге ағымдағы жөндеуден өтті.
Тіршілік көзі – жылу мен жарық
Өңірді жылумен қамтамасыз ету де – өзекті мәселенің бірі. Облыстағы электр және жылу энергиясын өндіретін жалғыз кәсіпорын – «Қызылордажылуэлектрорталығы». Өткен ғасырдың 60-шы жылдары пайдалануға берілген орталықтың бүгінде 80 пайыздан астамы тозығы жетіп, қажетті электр қуатының 30 пайызын ғана қамтамасыз етуде. Қалған 70 пайызы сырттан сатып алынады.
Оңтүстік өңірлерді үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету туралы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласында құны 215 млрд теңгеден асатын, қуаттылығы 240 мегаваттық электр энергиясын және 277 гигакалория жылу энергиясын беретін бу-газ қондырғысын салу қолға алынды.
Нәтижесінде, аймағымыз электр энергиясына тәуелділіктен арылып, өңіріміздің энергия қауіпсіздігі сақталатын болады. Жоба «Акса Энерджи» түрік компаниясының инвестициясы есебінен, қолданыстағы «Қызылордажылу-электрорталығы» аумағында салынады.
Облыстағы 208 шақырым жылу құбырларының 47 пайызының тозығы жеткен. Сондықтан алдағы жылы республикалық бюджеттен 14 жобаны іске асыруға 16 млрд теңге қажет. Қазіргі таңда 5 жобаның сараптама қорытындысы алынып, салалық министрлікке ұсынылды. Қалған 9 жоба қатысты республикалық бюджетті нақтылау кезінде жұмыс жасаймыз.
«Көгілдір отын» көптің игілігіне айналды
Облысты газдандыру бойынша да жұмыстар жалғасуда. Аймақ тұрғындарының 67 пайызы табиғи газбен қамтылып, Қызылорда, Арал, Қазалы және Байқоңыр қалалары толық газдандырылған. Бұдан бөлек, 6 аудан орталығы мен 13 ауыл «көгілдір отын» игілігін көріп отыр. Күні кеше, 26 желтоқсанда Қазалы ауданының Пірімов, Басықара, Жалаңтөс ауылдарын газдандыру аяқталып, газ берілді.
Биылдан бастап Қармақшы ауданы Төретам кенті мен Ақай ауылы, Арал ауданы Сексеуіл кентін газдандыру және Шиелі ауданында Тартоғай елді мекенінде автоматты газ тарату станциясын орнату жобалары жүзеге асырылуда. Шиелі ауданының Алғабас, Ақмая ауылдары, Тереңөзек кентіндегі газдандырылмаған көшелер «көгілдір отынға» қосылды.
2023 жылға республикалық бюджеттен 7,5 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаржыға биыл басталған Төретам кенті, Ақай, Сексеуіл кенті мен Бірлік ауылы, Мұстафа Шоқай ауылындағы АГТС (автоматты газ тарату станциясы) құрылысы, Қызылорда қаласына қарасты Наурыз және Махамбетов ауылын газдандыру жобалары жалғасын тауып, 8 жаңа жобаның құрылысы басталады.
Биыл 14 жобаны жүзеге асыруға 8,7 млрд теңге бөлінді. Жыл басында газдандыруға республика бюджетінен 2,7 млрд теңге берілген болса, жыл аяғында бұл қаржы 3 есеге дейін өсті.
Тұрғындар ауыз- судан тапшылық көрмейді
Адамның тіршілік тізбегіндегі ауызсудың орнын ештеңемен алмастыра алмайтынымыз анық. Осыдан 10-15 жыл бұрын ауылды былай қойғанда, қала орталығында бұл мәселе өте өзекті еді. Қазір Қызылорда, Арал, Қазалы, Байқоңыр қалаларында түйткіл толықтай шешілген. Өңірдегі 230 ауылдың 97,8 пайызы, яғни 198 ауылдың тұрғындары үйді-үйде ағып тұрған тіршілік нәрін пайдаланып отыр. Су тартылған соң ауылдарда қаладағыдан еш кем түспейтін, тұрмыстық техникалармен жабдықталған тұрғын үйлер бой көтерді.
Мемлекет басшысының елді мекендерді 2025 жылдың соңына дейін түгелдей сумен жабдықтау тапсырмасына орай, 20 елді мекен топтық су құбырына қосылып, ішкі жүйелер салынады. Су тазарту қондырғысы орнатылады. Оның ішінде 12 елді мекенге ауылішілік су жүйесі жүргізіледі, 8 елді мекенге кешенді блок-модуль орнатылады.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен 20 жобаға бөлінген 5,4 млрд теңгеге ауызсу және кәріз жүйелерін жаңғырту бойынша 8 жоба жүзеге асты. Оның игілігін Арал ауданындағы Көктем, Жалағаш ауданындағы Жалағаш кенті, Аққұм, Мәдениет, Қармақшы ауданындағы Қармақшы, Көмекбаев, Алдашбай ахун, Жаңақорған ауданындағы Жаңақорған кенті, Еңбек, Төменарық, Сунақата, Екпінді ауылдарының және Қызылорда қаласының тұрғындары көруде. Біткен істің нәтижесіне тоқталсақ, 74 шақырым ауызсу және 4,3 шақырым кәріз желісі жаңарғанын, 74 мыңнан астам адамға көрсетілетін сумен қамту және су бұру қызметі жақсарғанын айтуға болады. Келесі жылға бөлінген 4,5 млрд теңгеге Қызылорда және Байқоңыр қаласында ауызсу, кәріз жүйелері жаңғыртылады.
Уақыт алға жылжыған сайын электр қуатына сұраныс еселеп өсіп барады. Біздің өңірдегі әртүрлі кернеудегі 10 мың шақырымнан асатын электр желісі мен 2 мыңға жуық қосалқы станцияның негізгі бөлігі өткен ғасырдың 60-70-жылдары қолданысқа берілген. Жарты ғасырдан астам уақыттан бері үздіксіз пайдаланылғандықтан, 68 пайызының тозығы жетті. Осы ретте, қазір «КРЭК» АҚ 5 қосалқы станцияны жаңғырту жобасын әзірлеуге кірісті. Олардың құны шамамен 10 млрд теңге болады. Құны 3,4 млрд теңге болатын Жаңақорған кентіндегі электр желілерін жаңғырту жобасын бастауға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша биыл 900 млн теңге бөлінді. Ұзындығы 300 шақырым желінің 70 шақырымы ауысты, 23 қосалқы станция орнатылды. Жоба алдағы жылға өтпелі.
Балық шаруашылығындағы бастамалар
Арал өңірі халқының түзу тұрмыс-тіршілігі үшін балық шаруашылығының өмірлік маңызын «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы нәтижесінен, балық аулау көлемінің 20 есеге ұлғайғанынан байқауға болады. Қазір Кіші Арал мен 207 көлден балықтың 14 түрі ауланады. Жұмыс істеп тұрған 10 балық өңдеу зауытының 4-де еуропалық сапа стандартын растайтын «Еврокод» белгісі бар. Осы кәсіпорындарда 500-ден астам адам тұрақты жұмыс істейді. Мәліметтерге қарағанда, 11 айда ауланған 6908,7 тонна балықтың 4517 тоннасы Ресей, Германия, Грузия, Литва, Польша, Нидерланды, Әзербайжан, Венгрия, Австрия, Чехия елдерінің нарығына экспортталды. Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасында 2030 жылға қарай экспортты 2 есеге, тауарлы балық өндіру көлемін 111 есеге арттыру көзделген. Бұл 500-ден астам жаңа жұмыс орнын құруға, 16 шарбақтық, 12 тоған шаруашылығын, 3 тұйық жүйелі сумен қамтамасыз ету құрылғысын іске қосуға, тауарлы балық өсіру шаруашылықтарының санын 55-ке жеткізуге жол ашады. Бүгінде 6 тоған шаруашылығы толығымен іске қосылып, көл-тауарлы шаруашылық саны 70-ке жетті. Бағдарламаға сәйкес 11 айда 390 тонна тауарлы балық өсірілді. Бұдан бөлек, 6 шарбақтық шаруашылық құру үшін Қамбаш су айдынының учаскелеріне биологиялық негіздеме әзірленіп, паспорты жасалды. Балық жемін сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30%-ын субсидиялауға облыстық бюджеттен 8,4 млн теңге бөлініп, игерілді.
Кіші Арал теңізіндегі қаяз санын қалпына келтіру үшін оның генофондын сақтаудың жобасы жасалды. Облыс аумағындағы күріштік алқаптарынан, каналдар мен қашыртқылардан және су айдындарынан 10 мың дана қаяз шабағы жиналды. Екі жаздық деңгейге дейін жеткізіліп, Сырдария өзені мен көлдерге жіберілді.
Аралдықтардың туған жердің даңқын аспандатқан, қаншама жанның өмір өзегін жалғаған атакәсіп – балықшылыққа құрметі ерекше. Биыл Арал қаласының 95 жылдығында және Арал өңірі балықшыларының VI слеті қарсаңында «Балықшылар аллеясы» қайта жаңғыртудан өтіп, аллея бойынан «Балықшылар монументі» ашылды.
Тазалық табалдырықтан басталады
Мемлекет басшысы қоғамда экологиялық құндылықтарды орнықтыруға үндейтін «Birge: Taza Qazaqstan» экологиялық акциясын жүйелі түрде өткізуді тапсырғаны белгілі. Мемлекеттік мекемелер мен жеке ұйымдар, еріктілер мен тұрғындардың күшімен 3 441 тоннадан астам қоқыс қалдығы шығарылды. Жалпы тазалық тақырыбын қозғағанда, оның ең бірінші өзімізге керек екенін, сырттан ешкім келіп көшемізді, ауылымызды тазалап бермейтінін ұмытпағанымыз абзал. Осы жұмыстарды жандандыру үшін келер жылдан бастап, конкурс арқылы «үздік аудан», «үздік аудан орталығы», «үздік ауыл» және қала ішіндегі «үздік мөлтек ауданды» анықтайтын боламыз.
«Үздік аудан орталығы» номинациясы бойынша бірінші орынға арнайы жол тазалағыш КамАЗ және қалдық тасымалдаушы МАЗ автокөлігін, ассенизатор мен кран-манипулятор берілсе, екінші орынға қалдық тасымалдаушы көлік, ассенизатор және жол тазалаушы трактор, ал, үшінші орынға ассенизатор мен жол тазалаушы трактор беріледі.
«Үздік ауыл» номинациясын иеленген үш ауылға, яғни бірінші орын алған ауылға жер қазатын трактор мен самосвал ЗИЛ автокөлігін, екінші орынға жер қазатын трактор мен тіркеме, ал үшінші орынға жер қазатын трактор табыстаймыз.
Облыстың келбеті бас шаһарымыздан көрініп тұруы қажет.
Сондықтан да, осындай номинация марапаты аймағымыздың орталығы – Қызылорда қаласындағы шағын аудандарға да берілетін болады.
Әлеуметтік қолдау әрдайым назарда
Әлеуметке бағдарланған мемлекеттің басты бағыты – жалпы қоғамның мүддесін алға қою. Бұл еліміздегі жылдан жылға ауқымы кеңейіп келе жатқан әлеуметтік бағдарламалардың бедерінен көрінеді. Желтоқсанның 1-дегі мәліметке сәйкес, аз қамтамасыз етілген 15 662 отбасына әлеуметтік көмек, 11827 отбасына АЕК төленді, балалар кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етілді. Коммуналдық қызмет шығындарын өтеуге 3835 отбасына тұрғын үй көмегі көрсетілді. Жекелеген санаттағы әлеуметтік қолдауды қажет ететіндер де назардан тыс қалған жоқ. Бюджеттен тыс көздерден көмекке мұқтаж халықтың әлжуаз топтарына 287,3 млн теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді. Ұлы Жеңістің 77 жылдығында ардагерлер мен тыл еңбеккерлері материалдық және әлеуметтік көмек алды. Аға буынға құрмет олардың хал-жағдайын біліп тұру, тарихи орындарға саяхатқа апару, спорттық жарыстар ұйымдастыру сияқты шаралар арқылы айшықтала түсті.
Мүгедектігі бар адамдармен біз бәріміз бір қоғамда, бір қалада өмір сүреміз. Сондықтан олардың физикалық мүмкіндігі жетпегенді жалғап жіберудің, ерекше қамқорлық көрсетудің маңызы зор. Олар оңалтудың жеке бағдарламасын әлеуметтік қызметтер порталы арқылы орындауға белсенді қатысуда. Біз өз тарапымыздан әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеуден өткізу сияқты жұмыстарды үйлестірдік.
Жұмыссыздықты азайтуда жақсы нәтиже бар
Жұмыссыздық деңгейін төмендету – атқарушы билік жұмысын бағалайтын маңызды критерий. Бұл мәселені шешуге жақсы баға алу үшін ұмтылмаймыз. Мұның түп негізінде әр адамның тұрмыс-тіршілігіне өзек болатын жұмысы, кәсібі болса деген жанашырлық тұр. Жұмыссыздықты 5 пайыздан 4,9%-ға, жастар арасындағы 4,1 пайыздан 4,0 пайызға төмендету көзделуде. Жыл басынан бері құрылған 28 мыңнан астам жұмыс орнын 30 490-ға жеткізсек дейміз. Оған қоса 3401 жұмыссыз тұрғынның кәсіпкерлік бастамасына 1,2 млн теңгеден қайтарымсыз грант берілді. Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі жұмыс беруші мен іздеуші арасына алтын көпір салып, екі қолға бір күрек тапқандар қатары артты.
Жуырда Сыр еліне сапармен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсенова Президенттің 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру тапсырмасын іске асыруда өңіріміз жақсы нәтижелер көрсеткенін атады. Мәселен, 4587 жұмыс орны құрылуы керек болса, бұл көрсеткіш бойынша 10 043 адам жұмысқа орналасты, яғни жоспар екі еседен артық орындалды.
Білімге салынған инвестиция еселеп қайтады
Жас ұрпақтың біліміне салынған инвестицияның еселеп қайтатыны – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Құндылықтар алмасып жатқан дәуірде білімнің орны өз биігінен төмендемек емес. Тарихқа еніп бара жатқан жылда 206,8 млрд теңге білім саласына бөлінді. Жыл ішінде 17 жекеменшік балабақша ашылды, 2 мемлекеттік балабақша жаңа ғимаратқа көшірілді. Күні кеше Қазалыда тағы бір жаңа балабақша іске қосылды. Қазір 2-6 жастағы балғындардың 85,6%-ы, 3-6 жастағылар 100% балабақшаға барады.
Жекеменшік балабақшалар сияқты жекекеменшік мектептер үлесі артты. Бүгінде 9 мектептің 6-ның (3 мемлекеттік, 3 жеке) құрылысы тапсырылып, 2 апатты мектеп мәселесі шешімін тапты. Үш мектеп 2023 жылға өтпелі. Облыс орталығында бала саны бойынша үш ауысымдық оқытуға ауысуы мүмкін 6 мектеп бар. Қазір екі мектепке қосымша ғимарат құрылысы салынуда, екі мектептің жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Тағы 2 мектептің мәселесі жаңадан пайдалануға берілетіндер есебінен шешілмек. Күрделі жөндеуден, жаңғыртудан өткен мектептер, Жалағаш ауданындағы Оқушылар үйі, Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданынан ашылған 150 орындық 2 мектеп-интернат бұл саланың жұмысына серпін бергені анық.
Бәріңізге белгілі, стратегиялық жоспарлар мен ұзақмерзімді бағдарламалар алдағы жылдар алға тартатын мәселелерді терең зерттеп-зерделеген соң жасалады. Біз де оқушылар санының өсу динамикасы мен апатты мектептерге талдау жүргіздік. Нәтижесінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы үш жылда 15 100 орынға арналған 21 мектептің құрылысын салу жоспарланып отыр. Бұл жоба жүзеге асқанда үш ауысымды және апатты мектептер мәселесіне айналып соқпайтын боламыз.
Бүгінгі еңбек нарығын зерттеушілердің деректері көп нәрсеге көзімізді жеткізеді. Ақпараттық технологиялар дәуірінің кең алқымына көп мамандық жұтылып кететін тәрізді. Мамандарды оңды-солды оқыта берудің уақыты өткенін байқап жүрміз. Өңір экономикасына қажетті мамандықтар тізбесіне сәйкес колледждерге 4 708 орынға мемлекеттік грант бөлінді. Келесі жылы 425 орындық 4 жатақхананы пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл – колледждерде жатақхана мәселесі болмайды деген сөз. Ендігі міндет – еңбек нарығына сай мамандар даярлау.
Баланың қуанышы бәрінен қымбат
2022 жыл «Балалар жылы» деп аталды. Дегенмен оларға қамқорлық жасау, болашағына даңғыл жол ашу бастамалары бір жылмен шектелмейтіні аян. Атаулы жылда жеткіншектерімізге бұрынғыдан да көбірек көңіл бөлуге, асқақ армандарына басқан қадамдарын демеуге тырыстық. Түрлі форматтағы 12 мыңға жуық шара ұйымдастырылып, оған 200 мыңнан аса бала қамтылды.
Балдырғандарға тарту ретінде демеушілер есебінен қала және аудандарда құны 1,6 млрд теңгеге 80 спорт-ойын алаңы салынды. Қызылорда қаласында көпбалалы 50 отбасыға, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні аз қамтылған, көпбалалы 50 отбасыға пәтер кілті табысталды. Сол жағалаудан «Оқушылар сарайын» салуды қолға алған «ҚазГерМұнай» кәсіпорнының бастамасы қосымша білім берудегі түйткілдерді шешудің бір тетігі болады.
Балалардың қауіпсіздігі, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін мектептерге бейнебақылау, турникет, дабыл түймесі орнатылып, бейнебақылау полиция бөлімдері мен жедел басқару орталығына қосылған. Ерекше қажеттіліктері бар балалар қоғамнан бөлінбей, ортаға бейімделсе деп инклюзивті білім беруді дамытудың Жол картасын іске асырдық.
Медицинаның мәселелері уақыт күттірмейді
Кейінгі жылдары медицина ғылымындағы, жалпы саладағы жаңашылдықтармен қатар бұрын естіп-білмеген дерттердің түрі көбейгені жасырын емес. Бұл саланы дамытудың стратегиялық, басқа да жоспарларын ұдайы жетілдіріп отыруды талап етеді. Бір ғана коронавирус инфекциясы таралуының мысалы көп жағдайға көзімізді жеткізді. Бүкіл әлемді тарының қауызына сыйғызған індет бірінші байлығымызды бағалай білуге үйретті. Медицинаның бастапқы, алдын алу, стационарлық, жедел жәрдем, тағы басқа желілеріндегі жетпес тұстар көзге айқын көрінді. Құрылысы аяқталған Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде аудандық емхана ғимараты, шалғай елді мекендердегі медицина нысандары, олардың медициналық құрал-жабдықтармен толықтырылуы, жедел жәрдем көліктерінің жаңаруы осы олқылықтардың орнын толтырады деп отырмыз.
Оған қоса өңірдің жедел және шұғыл қажеттілігі, Арал аймағы үшін маңызы ескерілген нысан – Қызылорда қаласынан бір ауысымда 100 келуші қабылдайтын емханасы бар 300 төсек-орнына арналған көпбейінді аурухана (онкологиялық бөлімшемен) құрылысын бастауға алдағы жылға 750,0 млн теңге бөлінді. Бүгінде конкурс рәсімдері жүргізілуде.
Алдағы жыл – «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасына старт берілетін жыл. Ол бойынша 27 нысан, атап айтқанда, 24 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медициналық бекет салынбақ, 16-сы келесі жылдан бастау алады. Қызылорда қаласындағы «Қан орталығының» құрылысы жалғасады.
Ана мен бала денсаулығы – медицинаның ең өзекті әрі көкейтесті мәселесі. Ана мен бала өлімі көрсеткішін төмендетуге күш саламыз. Кейінгі 3 жылда, мәселен 2020 жылы 12 жағдай, 2021 жылы 9, 2022 жылдың 11 айы бойынша 6 жағдай тіркелді. Ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстардың арқасында соңғы 11 айда сәби өлімі төмендеді.
Ана мен сәби өлімін барынша төмендетуге арналған кешенді іс-шаралар жоспары бекітілген. Босану ұйымдарының медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі 84,97%, тағы 500 млн теңгеге ИВЛ, УДЗ аппараттары, баканализатор, лапароскопиялық ота жасайтын аппарат, отоакустикалық эмиссиямен толықтырылды. Саланың 500-ге жуық маманы білім жетілдірді. Перинаталдық орталықтың артық жүктемесін азайту үшін жүктіліктің физиологиялық ағымы бар әйелдерді емдеуге арналған 50 төсектік қосымша ғимарат, қауіп тобындағыларға кеңес беру-диагностикалық бөлімі ашылды, катамнездік кабинет өз жұмысын жалғастыруда.
Елді біріктірген елеулі шаралар
Сыр топырағынан талай талантты тұлғалар түлеп ұшқан. Қазақ өнері, әдебиеті мен мәдениетін асқақтатқан олардың есімін жаңғыртуда туған жерде атқарылған жұмыстар көзге түсетіні белгілі. Тарих қойнауына еніп бара жатқан жылда КСРО және Қазақстанның халық артисі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдығына, әнші-композитор Батырхан Шөкеновтің 60 жылдығына арналған республикалық әншілер конкурстары мен «Ақкербез» республикалық бишілер байқауы өткізіліп, облыс орталығында Роза Бағланованың ескерткіші орнатылды. Халықты руханияттың тұма бұлағынан сусындатқан шығармашылық кештер, республикалық ақындар айтысы, жыршы-жыраулардың «Жыр күмбез» атты жыр жәрмеңкесі өткізілді. Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында жаңа спектакльдердің премьерасы өтті. Ежелгі Бәбіш мола және ортағасырлық Жанкент, Сығанақ қалашықтарына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесі бойынша «Сыр өңірі – өркениеттер ордасы» атты көрме ұйымдастырылды.
Облыс спортшыларының Қазақстан Республикасының чемпионаты мен кубоктарындағы, Әлем және Азия чемпионаты мен кубоктарындағы жеңістеріне бүкіл ел қуанды. «Қазақстан барысы» турнирінде үшінші рет біздің сырбойылық жігіттердің мерейі үстем болды. Бұл мерей – балуан Мақсат Исағабыловтың жеңісі. Облыс спортының тарихында тұңғыш рет Әсел Серікбай Италияда 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасынан Әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленіп, гроссмейстер атанды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын жан басына қаржыландыру бойынша «Артспорт» бағдарламасы іске асырылуда. 2022 жылға осы мақсатқа 1 млрд 939,8 млн теңге қаржы бөлініп, игерілді. Бүгінгі күні шығармашылық тапсырыс бойынша 60 өнім берушімен 40 жанрда 412 үйірме жұмыс жасаса, спорттық тапсырыс бойынша 52 өнім берушімен спорттың 17 түрінен 205 секция жұмысын жүргізуде. Шығармашылық тапсырыс бойынша үйірмелер жұмысы үйлестірілді.
Саладағы құрылысы жүріп жатқан 17 нысанның жыл ішінде 4-і пайдалануға берілді. Қызылорда қаласында құрылысы басталған 1000 орындық заманауи көпфункционалды «Өнер сарайы» ауқымды шаралар өтетін, келушілердің жан дүниесін байытатын концерттер ұйымдастырылатын ордаға айналмақ.
Ашықтық – алға жетелейтін ұстаным
Мемлекет басшысының Жарлығы және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында қай кезде де ашықтық қағидатын ұстанамыз.
Құқық қорғау органдарының басшылары және орынбасарларыммен бірге барлық аудандарды аралап, жергілікті тұрғындармен кездесіп, өзекті мәселелерді бірге анықтадық.
Қоғамдық қабылдау кезінде өзім 600-ге жуық тұрғынның мәселесін сараласам, құқық қорғау органдары басшылары 400-ге жуық халықтың ұсынысына құлақ асты. Осылайша 8 айдың ішінде облыс көлемінде барлығы мыңға жуық азаматтың мәселесі қаралды.
Жеке қабылдау сәтінде жағдайы аса мұқтаж отбасыларға уақытша баспана беру, денсаулығы қиын балаларға ем алу үшін қайырымдылық қорлары арқылы көмектесу, көпбалалы отбасыларға азық-түлік себеттерін алып беру, қоғамдық жұмысқа орналастыру сынды өтініштер сол сәтте шешілді.