Қаңтар оқиғасында заңсыз бұйрық берген экс-министр тергелуде

229
Бас прокурор Берік Асылов бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов туралы тың деректермен бөлісті, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 
 



Әскери сотта бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектановтан жауап алынып жатыр. Төтенше жағдай кезінде ол заңсыз бұйрықтар берген әрі тергеу оны әскери стратегиялық нысандарды қорғаусыз қалдырды деп санайды. Бұрынғы қорғаныс министрі елімізде конституциялық тәртіп орнату жөнінде шаралар қабылдаған жоқ, - деді Бас прокурор.

Еске салайық, 2022 жылдың 19 қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кеңес өткізді. Кеңес барысында президент Мұрат Бектановты Қорғаныс министрі лауазымынан босатып, бұл қызметке Руслан Жақсылықовты тағайындау туралы жарлықтарға қол қойғанын хабарлады.

Сол жиында Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы Қорғаныс министрін сынға алып, Қаңтар оқиғасы кезінде Қарулы күштер өзіне сенімсіз әрі қабілетсіз басшылығының кесірінен жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқара алмағанын, министр Бектанов командирлік қабілетін көрсете алмағанын ашық айтты.

2022 жылғы 19 ақпанда Бас прокуратура бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Кәрібайұлы Бектановқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 452-бабы әрекетсіздік фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

2022 жылғы 20 ақпанда М. К. Бектанов осы қылмысты жасады деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.



Отырыста Берік Асылов президент бұйрық бергенге дейін митинг кезінде әкімшілік ғимаратқа шабуыл жасағандарға қарсы оқ атыла бастағанын мәлімдеді.


Бас прокурордың сөзінше, тәртіп сақшылары президент резиденциясын және өзге де әкімшілік ғимараттарды қорғау кезінде атыс қаруларын қолданған. 

Полиция, әкімдік пен өзге де ғимараттарға шабуыл кезінде, яғни тәртіпсіздіктер күш көрсету фазасына өткен соң атыс қарулары қолданылды. Кейін қаланы қарулы содырлардан тазарту кезінде оқ атылды. Айта кетері, шабуылшыларға қарсы оқ президент мәлімдемесіне дейін-ақ атылған. Бұған қатысты дау қоғам пікірін әдейі бұрып отыр, – деді ол. 

Берік Асылов заң нормасына сәйкес полицейлердің ешқандай бұйрықты күтпей-ақ оқ ата алатынын қосып өтті. 

Шабуылды қайтару кезінде 238 адам көз жұмды. Оның ішінде 41 адам бұрын сотталғандар. Қаза болғандар туралы мәлімет дұрыс. Соның ішінде 67 адам "шабуылшы" деп танылды, яғни жаппай тәртіпсіздікке қатысқан күдіктілер. 142 адам төтенше жағдай мен антитеррористік режимді бұзушылар. 4 адам басқа да қылмысты жасау кезінде өлген. Алматы қаласында 151 адам өлді. Олардың көпшілігі президент резиденциясына шабуыл кезінде көз жұмды, – деп қосты бас прокурор.