Халықтың тұрмысын жақсартуға бөлінген 204,8 млрд теңгені әкімдіктер жөнді игере алмаған

198
Өткен жылы өңірлерді дамытуға бөлінген нысаналы трансферттердің 204,8 млрд теңгесі игерілмей қалған, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Finprom.kz порталына сілтеме жасап.


Оның дерегінше, өткен жылы қаңтар-қараша айлары аралығында еліміздің қалалары мен облыс әкімдіктеріне 2,9 трлн теңге нысаналы трансферттер бөлінген.

Бұл ретте бүкіл қаражаттың 92,5%-ы ғана игерілді. Қалған қаражат көлемі - 220,6 млрд теңге.

Оның ішінде 15,8 млрд теңге бюджет қаражатынан үнемделген болса, 204,8 млрд теңге игерілмей қалған.

Ол - қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған қаржының едәуір бөлігі.

Ел өңірлері арасында нысаналы трансферттерді игеру бойынша пайыздық көрсеткіште Қызылорда және Қостанай облыстары көш бастады.

Қызылорда өңірі өткен жылы трансферттердің 99,2%-ын, ал Қостанай облысы 99%-ын игерген.

Бұл тізімде көшбасшылар үштігін Шымкент қаласы түйіндеп тұр. Былтыр аталған шаһарда нысаналы трансферттің жұмсалуы 98,6 пайызды құраған.

Жалпы, еліміздің 9 өңірінде бұл көрсеткіш 95%-дан асты.

Ал 5 облыста қаражатты игеру 90-95% аралығында болса, 6 өңірде орындалмаған нысаналы трансферт мөлшері 90%-дан төмен.

Өткен жылы қаражатты ең аз игерген - Астана қаласының әкімдігі. Елордадағы нысаналы трансферттердің орындалуы небәрі 68%.

Яғни, былтыр Астана әкімдігі 879,4 млн теңге бюджет қаражатын үнемдесе, қалған 60,3 млрд теңге трансферт қаржысы игерілмеген.

Сондай-ақ, төмен көрсеткіштер екі облыста байқалды. Олар – Маңғыстау (трансфертті игеру - 83,7%) және Батыс Қазақстан облыстары (трансфертті игеру -84,2%).