Қызылордада білім беру нысандарына жүргізілген тексеріс нәтижесі белгілі болды

221
Қызылорда облысындағы мектептер мен интернаттардан  тағам үлгілері мен қоршаған ортадан алынған шайындылардан сәйкессіздіктер анықталды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.  



Қызылорда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аумақтық басқарма қызметкерлері 2022 жылы жоспарға сәйкес 288 мектеп және 11 мектеп-интернаттарынан тексерулер барысында  тағам үлгілері мен қоршаған ортадан алынған сынамалардан сәйкессіздіктер анықталған.   


Департамент басшысының айтуынша, 11 мектеп-интернаты да облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің бақылауында. Өткен жылы аталған мекемелерде тексеру жұмыстары жүргізілген.


Интернаттардан алынған тағам сынамаларында бактериологиялық зертханада бір сәйкессіздік анықталды. Атап айтқанда, қоршаған ортадан алынған 300 шайындының 2-уінен бактерия табылды. Сондай-ақ, мектеп-интернаттардан алынған 14 су  сынамасынан  сәйкессіздік анықталған жоқ.  Тамақ үлгілерінен анықталған сәйкессіздіктер жұқпалы аурулардың пайда болу мүмкіндігін тудырады. Дегенмен, санэпид сала мамандарының уақытылы білім беру ұйымдарында аурудың алдын алу мақсатында жүргізген шаралары нәтижесінде жұқпалы аурулар тіркелген жоқ, - деді Департамент  басшысы Динара Жаңабергенова.

Сондай-ақ тексеріс барысында мамандар микроклимат, жасанды жарықтандыру және электромагниттік өрістердің бұзылуы да  анықталғандығын алға тартты.


Білім ошақтарында санитарлық ереже талаптарының бұзылуына қатысты тексерулер барысында 315 санитариялық нұсқама беріліп, жалпы сомасы 25 580 646 теңге болатын 402 айыппұл салынды, облыстық ауданаралық экономикалық және әкімшілік сотқа 13 материал жолданып, 11-нің шешімі шықты. Тексерулер ағымдағы жылы да жалғасады, - деді Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.