Нұр-сұлтан қаласында жерге түкірген тұрғындарды камералар анықтайтын болады
Осы мақсатта бейнебақылау камераларын пайдалану арқылы жазалау жұмысы қолға алынбақ. Тәртіп бұзушылар көлік нөмірі бойынша анықталады.
Көшеде, қоғамдық орындарда түкіруге және қоқыс тастауға тыйым салынады. Тәртіп бұзушылар жауапкершілікке тартылады, яғни әкімшілік айыппұл салынады. Көшеде және қоғамдық орындарда түкіру ерсі көрініп қана қоймай, түрлі бактериялардың таралуына әкелуі мүмкін.
Осындай жағдайға куә болған тұрғындар құқық қорғау органдарына жүгіне алады, сөзін растау үшін фото немесе видеоны қоса беру қажет.
Еске салсақ, бұған дейін журналистер Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа көшеде түкіруге тыйым салу туралы ұсыныс айтқан еді. Министр ұсынысты қолдайтынын айтты. Бірақ алдымен ол қоғам талқысынан өту керек екенін жеткізді.