Қызылорда билігі жер шешімінің құжатын бермей неліктен созып отыр?

1 694
Қызылордалық тұрғын 10 жыл бұрын жер телімін алып, әлі күнге дейін құжаттарын реттей алмай облыс әкімінен көмек сұрайды,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат   агенттігі.

2010 жылы Қызылорда әкімдігіне қарасты «Жер қатынастар бөлімінен» 10 соттық жер телімін алған Ақылбек жерінің заңсыз екендігін айтып наразы болып отыр. Бұл туралы барлық тиесілі мекемелерге хат жолдап отырмын дейді. Алайда атында жер барын растайтын көкқағаздан басқа құжаты жоқ. Оның айтуынша,  «Халыққа қызмет көрсету орталығы» да жер барын растай алмайды. Себебі әлі күнге дейін тіркелмеген дейді.


«Қармақшы ауданы, Иіркөл ауылының тумасымын. Осыдан 10 жыл бұрын Карауылтөбе ауыл әкімінен 10 соттық жер телімі үшін 150 мың теңге ақша беріп алған едім. Алайда, құжаттардың бірі жер берілді деген шешім жоқ қолымда. Оны  Қарауылтөбе ауыл әкімі түпнұсқасын бермей отыр. Бармаған мекеме қалмады. Сөзімді тыңдайтын басшылықта болмай тұр. Мүмкін Карауылтобе әкімі шешімнің түпнұсқасын беру үшін бірдеңе дәметіп жүрген болар. Оған беретін ақшам да, жағдайым да жоқ. 10 жылдан асты әуре сарсаңға салып келеді. Архивке жібердім дегеннен басқа әкімдіктің айтары жоқ.  Гүлшара ханым сізден осы жағдайға назар аударып, араша түсуіңізді сұраймын», - деді Оспанов Ақылбек.
















Мәселенің мәнісіне жету үшін Қарауылтөбе ауылдық округіне хабарласқан болатынбыз. Алайда әкімшіліктің маманы:

«Біз барлық құжаттарды архивке жібергенбіз. Ал, ол кісінің құжаттары бізде жоқ. Мен жұмысқа енді келгенмін. Ал, мен таныс емеспін, маған дейінгі мамандар өткізіп жіберген. Бұл кісі алдағы уақытта не істеу керектігін білмедім. Осынша уақыт аралығында неге хабарласпаған? Құжаттарды қайта шығармаймыз. Мен білмедім»,- деп қысқа қайырған заңгер, жетекші маман Гүлвира Бисенбаева.

Білікті маманның білмеймін дегені қалай? Берілген жауапқа қанағаттанбай Қалалық жер қатынастары бөліміне хабарласқан болатынбыз. Осы орайда:
«Бұл №85 қаулымен шешім шыққан. Ал сол тізімнің ішінде болмаса Қарауылтөбе ауылдық округіне өтініш жазуы тиіс. Жер телімінің шешімі мұрағатта жоқ деген құжатты алып, далалық зерттеу жұмыстарын жүргізуі тиіс. Егер жер телімі біреуге берілген болса, ауыл әкімдігіне тең көлемді жер берілуі туралы арыз жазып басқа жер телімін беруіне арыз беруге тиіс болады. Ал ол өтініш жер қатынастары комиссия мүшелеріне ұсынылады. Шыққан қорытынды жазбаша арызданушыға беріледі»,- деді жер қатынастар бөлімі маманы Нұргүл Абайқызы.


Расында, бір жер үшін әуре сарсаңға салынған Ақылбек Оспановтың 10 жылдан астам иелігінде болса да заң бойынша меншік иесі болып табылмағандығы қызық екен. Ал, құжаттарды архивке жөнелткен әкімдік жер иесін тізімге қоспағаны қалай? Дәл осылай сандалып жүр қанша қазақ баласы?


АЙГЕРІМ РАХЫМЖАНҚЫЗЫ