Нигерия, Ангола секілді кедейміз. Енді аз айлық алатындар салық төлемеуі мүмкін

356

Мәжілісте табысы 120 мың теңгеден аспайтындарға салықтық жеңілдік жасау ұсынылды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.


Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров Үкіметке ең төменгі күнкөріс шегі мен кедейлік шегін көтеруді ұсынды.

Оның айтуынша, Дүниежүзілік банк әлемдегі кедейліктің екі шегін қарастырған: табысы орташадан төмен елдер үшін күніне бір адамға — 3,2 доллар, табысы орташадан жоғары елдер үшін — 5,5 доллар.

Ал Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 2,8 доллар, Ресейде — күніне 6 доллар. Күнкөріс деңгейі өте төмен болғанның өзінде, 2021 жылы табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдар саны ресми түрде 998 мың адам болды,— дейді Ерлан Саиров.

Оның айтуынша бейресми сарапшылар бұл көрсеткіштің 1,5 миллион, тіпті, одан да жоғары екенін жазып жүр.


Қазақстан ондаған жылдар бойы кедейлік шегін көтермей келеді. Бүгінде Қазақстан — күнкөріс деңгейі әлемдегі ең төмен елдердің бірі және Нигерия, Ангола, Венесуэла, Габон сияқты елдердің деңгейінде тұр,
деді депутат.

Еуропа елдерінде кедейлік орташа табыстың 60 пайыз деңгейінде белгіленеді екен. Қазақстанда тұрмысы төмен адамдардың 40 пайызы өз бюджетінің 59 пайызын азық-түлікке жұмсайды. Кей кездері бұл көрсеткіш одан да жоғары.

Елімізде азаматтардың төмен әлеуметтік жағдайының екі индикаторы бар: ең төменгі күнкөріс шегі және кедейлік шегі. Кедейлік шегі 25 200 теңге. Ол күнкөріс шегінің, яғни 36 мың теңгенің 70 пайызы.

Бұл ертедегі үкіметтердің халыққа ақшаны аз төлеу үшін істеп қойған қулығы. Яғни, әлеуметтік көмек алғың келсе, сіңір кедей болуың керек!,— дейді Ерлан Саиров.

2020 жылы бағаның тұрақты өсуіне байланысты әлеуметтік көмекке сұраныс өсіп, зәру адамдардың саны артса да, атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылғандар қатары азайған. Бұл фактор мұқтаж азаматтардың әлеуметтік жағдайын мүлдем тұралатып жіберді деп отыр.

"Осыған байланысты фракция кедейлікпен күресу үшін үкіметке мынадай шаралар ұсынамыз. Қоғам ішіндегі кедейлік туралы көзқарасқа сәйкес келетін, кедейліктің жаңа анықтамасын енгізу; ең төменгі күнкөріс шегі мен кедейлік шегін біріктіріп, ең төменгі күнкөріс шегін арттыру; табысы ең төменгі жалақыдан (ең төмен жалақы 2022 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша 60 мың теңге) аспайтын азаматтарды жеке табыс салығынан босату; ең төмен жалақыны жыл сайын индексациялау; ең төмен жалақы алатындардың жұмыссыздық бойынша сақтандыру сомасын арттыру арқылы сақтандыру жүйесін жетілдіру", — дейді депутат.