Әскери борышын жоғары нәтижеде өтеген сарбаздар тегін білім алмақ

190
Бұдан былай әскери қызметке шақырылған сарбаздар университеттерде тегін білім алады, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.




Бүгінде Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілерге білім беру жеңілдіктерін беру жөніндегі бастамасын еліміздің 40-тан аса жетекші жоғары оқу орны қолдады. Мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарды оқыту үшін 3 мың орын беру туралы келісімге қол қойылды, - деді Айгүл Төлембаева ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Ол басымдық үздік нәтиже көрсеткен сарбаздарға берілетінін атап өтті.

Мерзімді әскери қызмет өткерген, үлгілі тәртібімен көзге түскен, жауынгерлік даярлықта жүктелген міндеттерді орындауда жоғары нәтиже көрсеткен әскери қызметшілерге ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО есебінен оқуға мүмкіндік беріледі, - деді ол.

Оның айтуынша, әскери қызметшілерді іріктеу бекітілген регламентке сәйкес жүргізіледі.

Бұл ретте жауынгерлік даярлық бағдарламасын меңгеру деңгейі, жеке тәртібі, қызмет атқару барысында арнаулы міндеттерді орындаудың толықтығы, психологиялық жай-күйін бағалау бойынша қорытынды балл ескеріледі. Тегін білім алу квотасын беру туралы шешімді әскери қызметшінің жеке рейтингін және оның қалауын ескеріп, Қорғаныс министрлігінің комиссиясы қабылдайды, - деді кеңесші.

Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі Білім және ғылым департаменті басшысының орынбасары Бегім Нұрмаханов оқуға түсу үшін қандай құжатта тапсыру керегін түсіндірді.

Жеке куәліктің, білім туралы құжаттың көшірмелері, әскери қызметті өткергені туралы анықтама, әскери билеттің көшірмесі және №86 медициналық анықтамасы керек. Биыл әскери борышын өтегендер жоғары оқу орнына тегін түсе алады. Сондай-ақ 2022 жылы отан алдындағы борышын өтегендер осы және алдағы жылы ақылы негізде немесе ҰБТ-сыз универтитте оқуға мүмкіндік беріледі, - деді полковник.