Шетелдік көліктерін тіркеуден шығара алмаған халық саны артуда

4 423
Елімізде шетелдік көліктерді заңдастыру үшін берілген біржолғы жеңілдік халықты әбігерге салуда, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 
 



Үстіміздегі жылдың 23 қаңтары шетелдік көлік мінген қазақстандықтар үшін асыға күткен күн болатын. Алайда шетелдік көлікті заңдастыру басталған күні таңсәріден ұзын сонар кезекке тұрған жүргізушілер халыққа қызмет көрсету орталықтары мен
egov.kz электронды үкімет порталына өтініш тастауда. Ең қызығы, электронды портал мұндай ауырлықты көтере алмай, өтініштің дұрыс-бұрыстығын ескермей, теріс жауаптар да келуде.
 
Ал, өтініштері сәтті қаралып, көліктері заңдастыруға сай азаматтар әрі қарай қызмет көрсету орталықтарына барған сәтте мамандар олардың темір тұлпарларының көрші елдерде тіркеуден шыққаны жайлы құжатын талап еткен. Ол аздық еткендей, енді бірі мұндай қағазы жоқтар шетелге барып көлігін тіркеуден шығарып, қажетті құжаттарымен келуі керектігін алға тартуда. Алаяқтар да қалыс қалмай, айласын жүзеге асырып, шырғалаңға түскен шопырларға жалған құжат жасап береміз десе, енді бірі керекті көлік құжаттарын алдырып беремін деп сан соқтыруда. 


Ал, көлік әкеліп сатумен айналысатын делдалдар бұл құжаттарды алып беру үшін қызмет құнын шарықтатып жіберген. 
 



Расында, көптеген тұрғынға заңдастырудан бас тартылған. Себебі көлікті елге әкелу туралы ақпарат табылмады, кедендік мәліметтер бойынша тексеру нәтижесі анықталмады. ІІМ-нің деректеріне сүйенсек, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ел аумағына кірген шетелдік көліктердің саны 300 мыңнан асқан. Көлік сақтандыруларының басым бөлігі Ресейден келген темір тұлпарларға берілген. Олар шамамен 260 мыңға жуық. Ал Қырғыз елінен 25,5 мың мәшине келсе, Армениядан 18 мың көлік Қазақстан шекарасынан өткен. Енді осы аталған көліктердің барлығын өз иелері заңдастыра алады. Мемлекет басшысы бұл орайда тек екі мәселені назарға алуды тапсырды.
 
Көліктерді заңдастыруда қай мемлекеттен әкелінуіне байланысты бірқатар айырмашылық бар. Қырғыз елінен келген көліктер сол елдің заңнамасына сәйкес кедендік баж бен салықтарды төлей отырып 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін сату құқығынан шектеу арқылы заңдастырылады. Аталған мерзімнен кейін олар Еуразиялық экономикалық одақтың тауары деп танылып, оларға қойылған талап алынып тасталады.
 
Ал Армениядан әкелінген көліктерді тіркеу сату құқығынан айырмастан жүзеге аспақ. Себебі 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап олар да ЕАЭО тауары болып есептеледі. Бұл қазіргі уақытта сары нөмір таққан көліктерге де қатысты.
 
ЕАЭО құрамына кірмейтін мемлекеттен, мәселен Грузиядан әкелінген көліктер кедендік рәсімдеуден толықтай өтуі керек.  
 
Арзан көлікті мінгеніне мәз болған жүргізушілер шетелдік көлігін заңдастыруға арнайы төлемдер үшін несие алып жатқандары да жасырын емес. Тиыннан тиын құрап, нәпақасын тауып жүрген халық шетел асып, керек құжаттарын қалай алмақ? 
 
Осы мәселе төңірегінде Маңғыстаулықтар мемлекет басшысына үндеу жолдаған
бейнежазбасы әлеуметтік желіге де тараған болатын.
 
Көлік иелерінің басты мақсаты – шетел аспай, көліктерін қашықтықтан тіркеуден шығарып беруді өтінген.
 
Алайда, ішкі істер министрлігі көліктерді онлайн түрде тіркеуден шығару жайлы көрші елдермен келіссөз жүргізіліп жатқандығын атап өтті. Бірақ оң шешімнің шығарына ешкім кепіл бере алмайтыны тағы бар.
 
Үмітсіз шайтан демекші, халықтың көкейіндегі мақсаты орындалып, көліктерін тіркеуден шығарудың оңтайлы жолы қарастырылады деген сенім жоғары.




Тоты Айтжанқызы