Елімізде тәркіленген мүліктерді интернет сайттар арқылы сату жоспарлануда

932
Қазақстанда тәркіленіп, кейін мемлекет меншігіне өткен дүние-мүлікті Кolesa.кz, Кrisha.кz және OLX секілді интернет сайттар арқылы сату ұсынылды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 



"Мемлекеттік мүлік тізілімі" веб-порталы ел аумағында аса танымал емес, сондықтан тәркіленген дүниелер көп жағдайда нарықтағы құнынан әлдеқайда төмен бағаға сатылады.

Осы себепті көлік прокурорлары электронды сауда-саттықты жетілдіріп, мүлікті жеке тұлғаларға сату тетігін қайта қарауды жоспарлап отыр. Сарапшылар да мұндай платформалардың қауіпсіздігі жоғары деп отыр. Себебі қосымшалар киберқауіпсіздіктің заманауи стандарттарына сай жасалған. Тек есеп айырысар кезде абай болған абзал дейді. 

“Сауда платформаларымен жұмыс жасағанда ең қауіпті қадамдардың бірі – есеп айырысу үрдісі. Ал аталған платформаларда сатылып жатқан тауар үшін төлем операциялары жүрмегендіктен, алаяқтықтық қауіпі төмен деп айтуға болады. Алайда алаяқтар мемлекеттік хабарламаларға ұқсас жалған хабарламалар беріп, әлеуметтік инженерия әдістерін пайдалану арқылы заңға қайшы әрекеттерін іске асыруы мүмкін”, – деді ХАТУ киберқауіпсіздік кафедрасының лекторы Шәкірт Макиленов. 


Сонымен қатар прокурорлар тауарларды тәркілеу тәртібін де өзгертуді қайта қарамақ. Ол үшін тәркіленген мүлікті мемлекеттік органдардың балансына өткізу рәсімінің жаңа жолдарын әзірлепті. Себебі қолданыстағы тәжірибе тиімсіз, яғни үкімді орындау кезінде қиындықтар туындайды. Тіпті кейде қылмыстық құқық бұзушылықтар да тіркеліп жатады екен.

Мәселен, пандемия кезінде көлік прокурорлары құны 140 миллион теңге болатын 60 мың данадан астам медициналық жеке қорғаныс құралдарын шетелге асыру дерегін анықтап, тоқтатқан. Сөйтіп мүлік сот үкімімен тәркіленіп, мемлекет кірісіне алыныпты. Бірақ комбинезондар бірден дәрігерлерге берілмеген. Өйткені заңға сәйкес мүлікті медициналық мекемелерге тікелей беруге мүмкіндік болмаған. Сәйкесінше қажет дүниені дер кезінде жеткізіп бере алмайды. Осы сынды олқылықтарды жою үшін мүлікті тәркілеу тәртібі қайта қаралады.