«Полиция полковнигі қызмет бабын асыра пайдалануда» – қала тұрғыны

28 961
Полиция полковнигінің ұлы жасөспірімді аяусыз соққыға жықты, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.


Ақпарат агенттігіне араша сұрап, әділдік іздеп жәбірленушінің анасы хабарласқан болатын.

Наурыздың 7-сі күні сағат 15:00-де «Тарлан» спорт клубында Қызылорда қалалық ішкі істер департаменті бастығының кадр жұмысы жөніндегі орынбасарының ұлы кәмелетке толмаған баланы қатты соққыға жыққаны белгілі болды.

«Қызылорда қалалық ІІД бастығының кадр жұмысы жөніндегі орынбасары полиция полковнигі Сейілхан Елдей Кенжебайұлының өкілеттігін асыра сілтеу фактісін ашуды сұраймын. Зардап шеккен балам қазір ауруханада көптеген дене жарақаттарының салдарынан тамақ іше алмай жатыр. Ұрып соққан  баланың денесінде бірде-бір тыртық болмаса да, жала жабуда. Себебі әкесі Полиция полковнигі өзінің қызметтік бабын пайдаланып, үстімізден қылмыстық іс қозғады. 16 жасар баланың қылмыстық әрекетін әшкерелеуден бой тасалаған әкесі өзімізді айыпты етіп отыр. Тіпті полиция қызметкерлері күзетпен кісен салып үйіңізден  әкетеміз деп дөк көрсетуде.»,- дейді Айнұр.



Анасының айтуынша, жәбір көрген Шахмарданды полиция патрульдік қызметкерлері елемей, басшының баласына баса назар аударып, істі бұрмалауда. Тіпті, жазылған арызымызды өндіріске алмақ түгілі әлі күнге дейін тіркемеген  тергеуші де әбігерге салды дейді.

«Мен полиция полковнигімін не істесең де өз еркің деп, кезекші патрульді шақырды. Бір емес 3 бірдей келген патрульдік көлік қызметкерлеріне  нұсқаулық беріп бәрін өз бақылауына алды. Полковниктің ұлы болсаң өзгенің баласын соққыға жық деген заң бар ма? Полиция полковнигі Сейілхан Елдей Кенжебайұлы ұлымның қан жуған бетін, басындағы жарақтан көріп өзіме шабуыл жасап әділдік орнатпақ болғаны ма?», - дейді анасы Айнұр.

Әділдік іздеп шырылдаған ана бүгінде баласының денсаулығына алаңдаулы.   Ал Полиция полковнигі жәбір көрген баланы емес өз баласын басты орынға қойып, өз бақылауына алғаны рас па?

««Тарлан» спорттық комплексінде болған жағдай екенін растаймын. Мен өзім полиция 102 нөмері бойынша полиция қызметкерлерін шақырдым. Жәбір көрген баланың әкесі ұлымды ұрып соқты. Бүгінде ұлым ауруханада жатыр, себебі жәбір көрген баланың әкесі ұрған., Кикілжің тумас үшін орган қызметкері екенімді айтқаным рас. Ал, арыз жазылса заң аясында қабылданады. Мен заң өкілі болғандықтан бәрі заң шеңберінде болады»,- полиция полковнигі Сейілхан Елдей.


Қызылорда облыстық көпбейінді балалар ауруханасының травматология бөлімі дәрігерлерінің айтуынша, 

"Баланың бас миы шайқалған, жағдайы тұрақты. Тиісті ем алуда".


Ал, Қызылорда облысы Полиция департаментінің мәліметінше,

«Мән - жайлар анықталуда. Тексеру жұмыстары басталды», - деп хабарлады.