Сенаторлар Қызылордадағы ірі құрылыс нысандарын аралады

2 265

Фото: gov.kzҚызылордада денсаулық сақтау мен спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Осыған орай, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов, жауапты басқарма басшылары және облыстық мәслихат депутаттары сол жағалауда салынып жатқан көпбейінді аурухана мен «Қызылорда Арена» спорт кешенінің құрылыс барысымен танысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

300 төсектік аурухана – өңірлік денсаулық сақтау жүйесіне тың серпін

Сол жағалауда бой көтеріп жатқан көпбейінді аурухана — аймақ тұрғындары үшін медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыратын стратегиялық нысан. Бір ауысымда 100 келушіні қабылдай алатын емханасы бар аурухана 300 төсек-орынға арналған.

Жобаның құрылыс жұмыстары 2023 жылдың наурызында басталған. Қазіргі таңда монолит плиталарын құю және кірпіш қалау жұмыстары жүргізілуде. Медициналық мекеме республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылуда.

Нысан 3, 5, 7 және 9 қабатты блоктардан тұрады. Жалпы жер аумағы – 6,8 гектар, ғимараттың жалпы ауданы – 57 333,7 шаршы метр. Құрылысты «Мелиоратор» компаниясы жүргізуде, жобалаушы — «ALTYN строй-проект», техникалық қадағалаушы — «АДС САПА» серіктестігі. Нысанды пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған.

Сенаторлар құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімге сай орындалуын ерекше назарға алып, жұмысшылармен пікір алмасты. Олар әлеуметтік маңызды жобаның уақтылы әрі сапалы аяқталуы өңір халқына қызмет ететін маңызды қадам екенін атап өтті.

«Қызылорда Арена» – халықаралық деңгейдегі спорт кешені

Сол жағалаудағы тағы бір ауқымды жоба – «Қызылорда Арена» спорт кешені. Бұл нысан облыстық бюджет есебінен салынуда және өңірдің спорттық әлеуетін арттыруға бағытталған.

Кешен 3 және 4 қабатты блоктардан тұрады. Жалпы жер көлемі 2,1 гектар, ғимараттың жалпы ауданы – 25 540,67 шаршы метр. Құрылыстың басталу мерзімі – 2025 жылдың шілде айы, ал аяқталу мерзімі 2027 жыл деп жоспарланған.

Жобаның бас мердігері – «ASPAN HOLDING», жобалаушы – «Жоба», техникалық қадағалаушы – «Строй-Проф» серіктестігі.

«Қызылорда Арена» кешені бұқаралық спортты дамытуға, тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына, сондай-ақ халықаралық жарыстарды қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл – облыс үшін тек спорттық емес, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан да маңызды бастама.

Жоспарлы бақылау жалғасады

Сенат депутаттары және облыстық мәслихат өкілдері құрылыс жұмыстарын тексеру барысында жауапты мердігерлер мен қадағалаушы мекемелерге сапа мен мерзімді қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Мұндай жобалар тек қала ғана емес, тұтас аймақтың келешегі үшін маңызды екені айтылды.