Қызылордада күріш қауызынан көрпеше жасады
Сыр бойындағы алқаптарда әр күзде жүздеген тонна күріш қауызы өртеледі. Сондай сәттерде экологиясы онсыз да нашар аймақты көк түтін басып кеткендей көрінетіні бар. Қоршаған орта мен адам саулығына зиян болғанымен де қалдықтан құтылудың басқа жолы әлі табылмай келеді.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері ешкімге қажетсіз сол қауыздан көрпеше жасап шығарыпты. Олардың айтуынша, «Active Seat»көрпешесі денсаулыққа пайдалы болмақ.
"Қазіргі уақытта адамдар уақытының көбін отырып жұмыс істеумен өткізеді. Қимыл-қозғалыстың аздығынан түрлі аурулардың да пайда болатыны белгілі. «Active Seat» жобасы осының алдын алуға сеп болады деген ойдамыз," – деді «Enactus Korkyt Ata university» командасының капитаны Темірлан Әбжанов.
Алдағы уақытта стартапшылар экологиялық және әлеуметтік жобалар байқауларына қатыспақ. Сонымен қатар «Active Seat» жобасын «Enactus Kazakhstan National Expo» студенттік кәсіпкерліктің, стартаптар мен инновациялардың ұлттық кубогі байқауына ұсыну ойда бар.
Университетте студенттер арасында кәсіпкерлікті дамыту, тың идеяларға қолдау көрсету мақсатында кәсіпкерлік орталығы жұмыс істейді. Осыған дейін орталықта «Startup Bolashak. Meniń armanym» жобасы, «Zhas project» бағдарламасы, «HackDay» және «Smart city Kyzylorda» хакатондары және басқа іс-шаралар ұйымдастырылды. Бес жыл ішінде
7 мыңнан астам жасқа бағыт-бағдар берілген орталықтан 89 резидент-түлек шығып, жалпы 70 млн теңгеге жуық қаржы тартылды.