СҰЛТАН БЕЙБАРЫС КӨШЕСІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

243

Қала орталығындағы көшелердің біріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Қала орталығындағы жалпы ұзындығы 4,2 км болатын Сұлтан Бейбарыс көшесін қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүруде. Ақпан айында басталған жолдың құрылысы осы жылдың тамыз айында аяқталады деп жоспарлануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен көшпелі брифингте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Пакуатдин Шамұратов хабарлады.

«Қазіргі таңда Сұлтан Бейбарыс көшесінде реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы осы жолды кеңейту мақсатында жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеп, республикалық бюджетке ұсынылған болатын. Осының нәтижесінде, бюджеттен тиісті қаражаттар бөлінуде. Бұл жолдың мердігері «УАД» ЖШС мекемесі. Жалпы Сұлтан Бейбарыс көшесінің құрылысы 12 ай деп белгіленген болатын. Дегенмен, медігер мекемелермен бірлесіп, осы жылдың қыркүйек айына дейін заманауи жолды ел игілігіне табыстаймыз деп жоспарлап отырмыз», - деді басқарма басшысы Пакуатдин Шамұратов. 


Сұлтан Бейбарыс көшесінде заманауи жарық шамдар мен аялдамалар және жаяу жүргінші жолдар салынады. Сондай-ақ, бұл көше 4 жолақты болып кеңейтіледі. Осының нәтижесінде, қала орталығында кептілістер азайып, автомобиль жолы кеңеймек.

«Қазіргі таңда Назарбаев даңғылынан бастап Құмкөл трассасына дейін реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобаның құны - 2 млрд.349 млн теңгені құрайды. Жалпы, бұл жолдың сапалы әрі ыңғайлы болуы үшін тиісті мекемелермен күнделікті қадағалау жүргізілуде. Күз мезгіліне дейін халық игілігіне табысталатын болады», - деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімі басшысының орынбасары Дархан Бақтияров.



@Өңірлік коммуникациялар қызметі