Еліміздің телефон коды +7-ден +77-ге өзгеруі мүмкін
Министр Бағдат Мусин еліміздің телефон коды +7-ден +77-ге өзгеруі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды “Opennews.kz” ақпарат агенттігі.
Министр жақында АҚШ-қа сапары барысында Халықаралық электрбайланыс одағының (ХЭО) басшысы Дорин Богдан-Мартинамен кездесіп, Қазақстанның телефон кодын өзгерту мәселесін талқылағанын атап өтті. Сөзінше, еліміздің байланыс кодын +997-ге өзгерту оңай екен. Дегенмен министр +77-де қалдыруды өтінген.
Қазір бізде +7 коды бар. Бізге +997-ге нөмірі қойылды. Бірақ мен ХЭО-ға бізге +7 орнына +77 қалдыруды ұсындым. Алайда олар бір күнде шешім қабылдай алмайтынын айтты. Себебі ол халықаралық ұйым және мұндай өтініштер бойынша кездесулер, талқылаулар өткізуі керек. Олар бізге бұл өтінішімізді қарастыруға уәде берді. Қазақстанның басқа елдермен бірге қолданылатын +7 емес, +77 коды болады деп үміттенеміз, - деді Бағдат Мусин үкімет отырысында.
Бұған дейін Қазақстан 2023 жылдың қаңтарынан бастап жаңа ұлттық нөмір кодына көшеді деп жоспарланған болатын. Қазақстандық тарап Халықаралық электр байланысы одағының Телекоммуникацияларды стандарттау бюросында +997 кодын брондаған.