Бір ай бойы шокалад ұрлап келген ұрлықшы қамауға алынды

1 504

Фото: ©Opennews.kz ЖИЖетісу облысында ер адам бір ай ішінде дүкеннен 600-ден астам шоколад ұрлаған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.

ІІМ таратқан ақпаратқа сүйенсек, Жаркент қаласында полицейлер ұрлық дерегін ашқан. Полицияға қаладағы сауда орталықтарының бірінің өкілі жүгініп, дүкеннен шоколадтардың жүйелі түрде жоғалып жатқанын хабарлаған. 

"Бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеу барысында қауіпсіздік қызметі бір ер адамның бірнеше апта бойы дүкенге тұрақты келіп, шоколадтарды сөмкесі мен қалталарына жасырып, төлем жасамай шығып кететінін анықтаған. Тексеру барысында күдіктінің бірдей тәсілмен әрекет еткені белгілі болды. Ол дүкенге кіріп, айналасындағылардың назарын бақылай отырып, шоколадтарды жеке заттарына салып, кассадан төлем жасамай шығып кеткен. Арада бірнеше минут өткен соң қайта оралып, осы әрекетін қайталаған. Кей күндері осындай "рейдті" 5-6 рет жасаған", – делінген хабарламада.

Бір ай ішінде сауда орталығынан барлығы 625 дана шоколад ұрланған. Келтірілген материалдық шығын көлемі 530 мың теңгеден асқан. Панфилов аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Жаркент қаласының 41 жастағы тұрғынын анықтап, полиция бөліміне жеткізген. Күдікті өз кінәсін толық мойындаған. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.