Қызылордада «Жастар және тіл» тақырыбында ашық пікір алаңы ұйымдастырылды

331
Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының облыстық тілдерді оқыту орталығы мен Қызылорда облысының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жастар және тіл» тақырыбында ашық пікір алаңы өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Мемлекеттік тіл саясатын дамыту, тіл мәдениетін қалыптастыру және жастар арасында қазақ тілінің мәртебесін арттырып, тіл тазалығын сақтауға шақыру мақсатында өткен шараға Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Раушанбекұлы модераторлық етті. Сондай-ақ, қоғамға жанашыр аға буын өкілдері, тіл жанашырлары, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен белсенді студенттері, этномәдени бірлестік өкілдері, көшбасшы жастар және БАҚ өкілдері қатысты.


"Бүгінде тіл мәселесі қоғамның өзекті түйткілге айналып тұрғанын бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде айтылып, жазылып жүрген пікірлерден білуге болады. Әсіресе, жастармен сөйлесу, түрлі қосымшалар арқылы хат-хабар алмасу кезінде қолданатын сөздерінің арасында тіл тазалығын ластайтын сөздерді өзіміз де байқап жүрміз. Бәріміз ортақ шаңырақ астында өмір сүргенімізбен, жергілікті сөздердің өзін кейде түсінбей жатамыз. Бұл ортаға жаңа заманның жаңа жастарының «тренд тілі» қосылса, мәселенің ара-жігі қалай шешіледі? Осындай мәселелермен күресу үшін жастарға қандай бағыт-бағдар беруге болады? Бәлкім, жастардың көп қызығушылық танытатын ІТ саласына қазақ тілін енгізудің маңызы зор ма? Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін жастар қай бағытта қандай үлес қоса алады? Бүгінгі ашық пікір алаңында осы сұрақтарға жауап іздеп, бірқатар мәселелер қамтылады", – деді Басқарма басшысының орынбасары А.Қамбаров.

«Ted X» форматында өткен кездесуде Қызылорда облысының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жанындағы «Ақиқат» пікір-сайыс клубының жетекшісі Айжан Бекзатқызы «Сахнадағы сөйлеу мәдениеті» тақырыбында сахнада өзін-өзі ұстау, киіну, сөйлеу, көрерменді сыйлау дағдысында сөз қозғап, замандастарын сахна төрінде сөз әдебі мен мәдениетін сақтауға үндеді.

Ал «Қоғамдық келісім» КММ-нің аға сарапшысы Елена Пак «Этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді үйрету мәселелері» турасында кеңінен тарқатты. Ол өзінің этнос өкілі бола тұра балалық шағынан бастап қазақ халқының ортасында өскенін, мемлекеттік тіл үйренуде қоғамдық ортасының зор ықпал еткенін жеткізді. Сондай-ақ, бүгінде этнос жастарына Абай мұраларын насихаттау арқылы қазақ тілін меңгертуде.

Өз кезегінде Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының Қазалы ауданы бойынша мемлекеттік тіл оқытушысы Жұбатқан Асылбекұлы «Акцентпен сөйлеу әбестік емес» тақырыбында ой қозғап, өзге тілді меңгеріп, өз тілінде сөйлей алмай жүргендердің қатары артып бара жатқанына назар аудару керектігін баса айтты. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» демекші қазақ тілінде таза сөйлеп, өзге тілдерде акцентпен сөйлеудің еш әбестігі жоғын дәлелді мысалдар арқылы нақтылады.

Көпшіліктің ойында жүрген мемлекеттік тіл төңірігендегі мәселелер талқыланған кездесуде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы Аягөз Қожамырзақызы тіл мәселесінің өткен ғасырдың 20-жылдары жарыққа шыққан басылымдарында да жиі көтерілгенін, әлі күнге және алдағы уақытта да мәселе мінберінен түспейтін тақырып екенін айтты. Айтулы мәселеде өскелең ұрпақтың, жас буынның әдеби кітаптар оқу, тіл тазалығын сақтау, сөйлеу мәдениетін меңгеру тұрғысында өте көп септігін тигізетінін және студенттерден де осы бағыт-бағдар бойынша ізденіп оқуына талап қойылған. Сондай-ақ, IT саласындағы жастардың ғаламтордағы іздеу жүйелеріне де қазақ тілін енгізу үшін атсалысу керектігіне тоқталды.

Бұқаралық ақпарат құралы арқылы халықты жақсылыққа үндеп, оң бағыттағы қоғамдық пікірдің қалыптасуына айтарлықтай үлес қосып жүрген Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы Әзиз Батырбеков тыңнан түрен салды. Мемлекеттік тіл саясатын жоғары деңгейде дамытуда әр азаматтың айтар үні, қосар үлесі болуы тиіс екенін, тіл тазалығына мән беру – туған тілге жанашырлықтың ерен үлгісі екенін тілге тиек етіп, айшықты пікірін жеткізді.

Сонымен қатар, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Ш.Жалғасбекұлы, Қызылорда облысының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бөлім басшысы С.Әбіл және өзге де шараға қатысушылар жастардың күнделікті өмірде, әлеуметтік желі хабарламаларында көп қолданатын жаргон және тұрмыстық деңгейде қолданатын өзге де сөздер туралы ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Кездесу соңында мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асуына өзіндік үлес қосып жүрген азаматтар мен шараға белсенді қатысушылар Алғыс хатпен және арнайы сыйлықпен марапатталды.