Су тасқыны: Сыр құтқарушылары да көмекке барды
Қарғын судың қоршауында қалған халыққа сырбойылық құтқарушылар да қолғабыс етуде, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Арадағы жол алшақтығына қарамай, сала мамандары алғашқы сәттен көмекке аттанды. Бүгінде облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Жандос Досымов бастаған топ су тасқынының салдарымен күрес жүргізуде. Солтүстік және Батыс өңірлерге бет алған құрам ішінде 31 адамнан тұратын құтқару жасағы, 6 техника, 10 су сору мотопомпасы, 2 қайық бар.
Төтенше жағдай болған сәтте қызылордалық құтқарушылар алдымен Қостанай облысына барды. Қазір сол маңдағы Амангелді, «Сарысу», Жангелді, Аралбай, Жұмағұл ауылдарына жетіп, су деңгейін төмендетуге байланысты жұмысты бастап кеткен. Әуелгіде Амангелді ауылындағы Абай, Палуан, Боданов көшелеріндегі еріген қар суын азайтса, кейін азаматтарды қауіпсіз жерге көшіру ісімен айналысқан.
Қызылордалық құтқарушылар бүгінге дейін мотопомпа көмегімен 22 398 текше метр су тартып, 25 адамды құтқарып қалыпты. Жайылған сумен алысып жүріп, «Дәулет» шаруа қожалығының жүзден аса малын қауіпсіз аймаққа шығарды. Деңгейі күрт көтерілген Жалдама өзенінің жағасын нығайтып, электрик мамандарға су тасқынынан зақымдалған бағаналарды қалыпқа келтіруге көмек берген.
Қостанайлықтарға көрсетілетін ендігі көмек – су тасқынының алдын алуды ұйымдастыру. Осы мақсатта мамандар жағалауға бөгет жасауға атсалысуда. Бүгінде облыс құтқарушылары 800 қапқа топырақ толтырып, төрт қатарлы қорғаныс бөгетін салды. Осылайша Қостанай мен Тобыл қаласын байланыстыратын 1,5 шақырымға жуық автожол бойын дамбылау жалғасуда. Бұл жұмысқа мамандармен қатар еріктілер, Қорғаныс күштері, әскерилер және қала тұрғындары көмек беруде.
2 сәуірде облыс құтқарушыларының тағы бір легі Ақтөбе облысына аттанды. Бастапқыда Атырауға баруы керек болған топ жарты жолда бағытын өзгертіп, жақын маңдағы Ақтөбеге көмекке ұмтылған. Олар аталған аймақтағы Әйтеке би ауданында көшіру-эвакуациялау жұмысына жәрдемдесуде. Мұнда 35 адамнан тұратын құтқару жасағы, 3 техника, 10 мотопомпа, 2 қайық жұмылдырылған.
Құтқарушылар Әйке ауылында табанды еңбек еткен. Олар күні-түні қиын жағдайда қалған азаматтарды қауіпсіз орынға көшіріп, әрбір тұрғынның амандығын сақтау назарда болғанын айтады. Мысалы, елді мекен тұрғындарын эвакуациялау кезінде көмекке мұқтаж адамдардың арасында 101-ге келген кейуана болған. Мамандар ғасыр жасаған қарт кісіге тиісті көмек көрсеткен.
Жалпы Әйке ауылынан 188 адам эвакуацияланды. Оның 44-і – бала. Бүгінде үй-күйсіз көшкен халық Тереңсай және Т.Жүргенов ауылдарындағы арнайы қонысқа орналастырылған. Сондай-ақ тікұшақпен жағдайды әуеден бақылау жұмысы жүргізіліп, Тереңсай бөгетін басқа арнаға бұру тапсырмасы да орындалыпты.
P.S. Тасқыннан зардап шеккен жұрттың құтқарушыларға алғысы зор. Әлеуметтік желі мен БАҚ-та батасын берген қарт пен рақметін жаудырған халықтың ықылас-тілегі үздіксіз жариялануда. Бұл – еңбегі ерлікке тең құтқарушыларға берілген әділ баға.