Ауылдарын су басқан тұрғындарға сайлау бюллетеньдері қайықпен жеткізілді
Ақтөбе облысындағы су басқан ауылдарға сайлау бюллетеньдері қайықпен жеткізілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Ақтөбе облысындағы Қобда ауданының Қанай, Байтақ,Сарыбұлақ, Жарық, Ортақ, Қоғалы, Көкүй ауылдарына бір аптадан бері көлік қатынамайды. Өйткені, бұл ауылдардағы тас жолдар мен көпірлерді су басып қалған.
Жағдай оңай емес. Бірақ сайлау өз деңгейінде, заң талаптарына сай өтіп жатыр. Су ортасында қалған жеті ауылдағы 993 сайлаушыға бюллетеньдерді полиция қызметкерлерінің бақылауымен жеткізіп бердік, - дейді Қобда аудандық сайлау комиссиясының төрайымы Ақшолпан Оразова.
Ал Ойыл ауданындағы көлік қатынассыз қалған шағын ауыл тұрғындары да жексенбі күні дәл сондай амалмен түске дейін дауыс беріп болған.
Ойыл аудандық сайлау комиссиясының мәліметінше, су тасып көлік қатынай алмай қалған төрт ауылда 1018 сайлаушы тұрады.