"Жұмыссыздық шаршатты": Оңтүстіктен Солтүстік Қазақстанға қоныс аударып барғандар қайта оралып жатыр
Қазақстан билігінің жұмыс күші тапшы солтүстік өңірге халқы тығыз орналасқан оңтүстік аймақтардан еңбекке қабілетті азаматтарды тарту бағдарламасы нәтижелі бола қоймаған сыңайлы. Мысалы үшін, тек биыл 1320 адам ғана қоныс аударған. Ал Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов тағы 2556 адам қоныс аударатынын айтады. Өңір басшының ақпаратынша, жыл басынан бері көшкендердің тек жартысына жуығы ғана тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" жаңалықтар бөліміне
сілтеме жасап хабарлайды.
Осыдан үш жыл бұрын Тараздан Солтүстік Қазақстан облысына көшіп барған Дәурен Тілеубаев туған жеріне қайтып оралғысы келеді. Бастапқыда жұмыс бар, жаңа үй беріледі дегенді естіп, Мамлют ауданының Калугино ауылына отбасымен көшіп барған ол, барлығы уәде еткендей болмай шыққанына қапалы. Қазір табылған жұмысты істеп, отбасын асырап жүрген Дәурен "қал-жағдайымызды сұрап жатқан ешкім жоқ" деп наразы.
Жұмыссыздықтан әбден шаршаған Дәурен Тілеубаевтың туған жеріне қайтудан басқа амалы жоқ. Ал, үкіметте Солтүстіктің әкімі Құмар Ақсақаловтың Әлихан Смайыловқа берген ақпараты шындықтан алыстау сияқты. Өңір әкімінің дерегінше, облысқа 2016 жылдан бері 11 мыңнан астам азамат көшіп барса, биыл жыл басынан бері 1320 адам қоныс аударған. Тағы 2556 адамды қабылдайтын жоспары да бар. Биыл көшіп барғандардың ішінде 500-і еңбекке қабілетті деген әкім, олардың ішінде мұғалім, медицина қызметкері, механизатор және мал дәрігерлері бар дейді. Тіпті өз ісін ашуға ниет білдіргендерге арнайы гранттар да бөлдік,- дейді Құмар Ақсақалов.
Құмар Ақсақаловтың берген ақпаратын тыңдаған Әлихан Смайылов өңір әкімдеріне "Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы аясында қоныс аударушыларға қолдау көрсетуді тапсырды. Ал, Ақсақаловтың ақпаратында тұрақты жұмыс таппай, қайтадан туған жеріне көшіп кеткен Дәурен сияқты азаматтар жайлы ешқандай дерек айтылмады.