Қызылордада мүгедектігі бар 30 азамат инватакси қызметін пайдаланып өз таңдауларын жасады

123

Саяси науқан күні мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне еш кедергі болмады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

 

Елімізде өтіп жатқан сайлауды бақылау үшін әлемнің 41 елі мен 12 халықаралық ұйымнан 800-ге жуық байқаушы келді. Шетелдік меймандар әр жарты сағат сайын брифинг өткізіп, дауыс берудің өтуі жайлы ақпарат беріп жатыр. Олардың сөзінше, сайлау халықаралық нормаға, стандарттарға сай өтіп жатыр. Жастардың белсенділігі жоғары және бұл демократиялық дамудың көрінісі дейді байқаушылар. Олардың пікірінше, мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруі үшін барлық қажетті жағдайдың жасалуы да өзге елдерге үлгі болуы тиіс.

Осы орайда , Қызылорда облысы бойынша сайлауға қатысатын 2997 мүгедектігі бар адам бар. Көру қабілеті төмен сайлаушылар үшін дауыс беру бюллетеньдерін толтыру ережесі көрсетілген аудиоматериалдар мен трафарет қойылған. 


Қимыл-қозғалысы қиын мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдау үшін 34 инватакси қызмет етеді. Оның 13-і Қызылорда қаласында, қалғандары ауданда. Түскі уақытқа дейін аймақта инватакси қызметіне 30 азамат жүгінген. Оның басым бөлігі – ауылдық елді мекен тұрғындары. 


Айта кету керек, сайлау күні облыс бойынша 42 онлайн сурдоаудармашылар ымдау тілі қызметтерін көрсетуде. Мұнан бөлек, бірінші топтағы жүріп тұруы қиын мүгедектігі бар адамдарға 2000-нан аса жеке көмекші қызмет етуде. Еске салайық, өңірде 373 сайлау учаскесі және 486 002 сайлаушы бар.