Пара алған басқарма иесіне 265 млн теңге айыппұл салынды

173

Экология басқармасының пара алған лауазым иелеріне сот үкімі шықты, деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат  агенттігі.


Алматы қаласы Медеу ауданының 2 соты Жексембаевқа 96 млн теңге айыппұл төлеу туралы үкім шығарды. Ол экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасарының уақытша міндетін атқарып жүрген.


Ал пара берген "Экосервис-С" ЖШС басшысы Беркінбаев 73 млн теңге, "Компания Стройтекс" ЖШС басшысы Мапаев 64 млн теңге айыппұл төлейді. Парақорлыққа делдал болғаны "Eco Almaty" ЖШС менеджері Б. Рахымға 32 млн. теңге айыппұл салынды. Сотталғандардың жалпы айыппұл сомасы 265 млн. теңгеден асты.


Олар енді мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде өмірбойы қызмет ете алмайды.


Айта кетейік, экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының лауазымды тұлғасы М. Жексембаев "Реннесанс плюс" ЖШС өкілі Г.Беркінбаевтан қатты-тұрмыстық қалдықтарды жинау және сұрыптау үшін Алматы қаласының тұрғын үй кешендерінің аумағында жер учаскелерін берген. Бұл "жақсылығы" үшін Жексембаев 5 млн. теңгеге жуық пара алған.


Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасының әкімшілік ғимаратының жобалық-сметалық құжаты үшін жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шартына "көмектескен" Жексембаев "Компания Стройтекс" ЖШС директоры А.Мапаевтан 3 млн теңге пара алған. Араларында делдал қызметін атқарып, Б. Рахым жүрген. Парақорлар айыппұлды төлемеген жағдайда бас бостандықтарынан айрылып, түрмеге тоғытылады.