Отбасының цифрлық картасының механизмі мен тиімділігі қандай?
Отбасының цифрлық картасының механизмі мен тиімділігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Отбасының цифрлық картасын іске қосуды тапсырған болатын. «Халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына қолдау көрсету өте маңызды. Үкімет әлеуметтік қолдаудың проактивті форматына көшуі, оны барынша атаулы жасауы тиіс» деді Қазақстан Президенті Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Осы орайда, 1 қаңтардан мемлекеттік қолдау шараларын проактивті (электронды) тағайындау үшін жұмыс процесінде Отбасының цифрлық картасы іске қосылды. Яғни, әр отбасының әлеуметтік картасы көңілге қонымды түрде жасалып, шынайы іске асырылады. Аталмыш ақпараттық жүйенің аймақтағы орындалысы мен ерекшеліктері, әлеуметтік қолдаудағы өзгерістер жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Атқарылған іс-шаралар туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Нүркен Блялов толығырақ баяндады.
Отбасының цифрлық картасы бастапқыда мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері негізінде жасақталды. Отбасылардың әл-ауқат деңгейі, оларға көрсетіліп отырған қолдау шаралары анықталды. Бүгінде аймақ бойынша 432 556 отбасының дерегі бар. Жан-жақты деректер негізінде «отбасы портреті» қалыптасты десе де болады. Әрі отбасы мәртебесі өзгерген сайын картадағы деректер де жаңарып отырады. Мемлекеттік қолдау шарасын алуға құқық берілген тұста әлеуметтік көмек алушыға мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін де СМС-хабарлама жіберіледі. Келісім алғаннан кейін әлеуметтік жәрдемақы, төлем немесе мемлекеттік қолдаудың өзге де түрі тағайындалып, кейіннен алушының банк шотына аударылады. 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бүгінге дейін азаматтарға проактивті түрде мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған 4898 СМС-хабарлама жіберілді. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің тоғыз түрі бойынша жаңа форматта қызмет алу мүмкіндігі ұсынылған. Олар, жүктілік кезеңі мен босануына байланысты, бала күтіміне байланысты, жұмысынан айырылған жағдайда, асыраушысынан айырылған жағдайда, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға немесе қамқоршысына төленетін, мүгедектігіне байланысты берілетін, көпбалалы отбасына, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгісі бар көпбалалы аналарға тағайындалатын төлемдер мен атаулы әлеуметтік көмек түрлері. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруі бойынша, «Отбасының цифрлық картасы» жобасы 2025 жылға дейін бірнеше кезеңде іске аспақ. Атап айтқанда, 2024 жылғы 1 қаңтардан денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізіледі. 2025 жылдан мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрі қамтылады. «Отбасының цифрлық картасы» негізінде отбасылардың жекелеген санаттарын қолдау шаралы да күшейе түскен.
Аналарға деген әлеуметтік қамқорлық артып, «Алтын алқа» және «Күміс алқа», «Батыр ана» атағын алғандарға, І-ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерін алған аналарға «Марапатталған аналар» деген жаңа мәртебе берілді. Сәйкесінше, жәрдемақы мөлшері де өсті. Зейнетақымен қамсыздандыру саласында да өзгерістер болды. Олардың бірі 2023 жылдан әйелдердің зейнеткерлік жасын 61 жас деңгейінде жоспарланған арттыруды 5 жылға тоқтата тұру. Бұл шара коронавирус пандемиясының азаматтардың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына теріс әсерін ескере отырып қабылданған. 2023 жылдың 1 қаңтарынан зейнетақы мөлшері 10,5 пайызға өсті. Облыс бойынша зейнеткерлер саны – 176 мыңға жуық. «Отбасының цифрлық картасын» пайдалана отырып, медициналық қызметтерді де электронды түрде алуға мүмкіндік бар. Аймақтағы барлық медициналық ұйымдарда аталмыш жобаға қатысады.
Баспасөз мәслихаты барысында зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бас маманы Ләззат Сембек қойылған сұрақтарға толымды жауап қайтарды. Жалпы, «Отбасының цифрлық картасының» артықшылықтары зор. Біріншіден, уақытты үнемдейді, қағазбастылықтан арылтады. Құжат жинап, табаныңыздан таусылмайсыз. Қызмет алушыға өте ыңғайлы әрі тиімді. Әлеуметтік жәрдемақы тағайындау автоматты түрде жүзеге асады.