“Жүрегі жарылып кеткен”: 9-сынып оқушысын құрдастары ұрып өлтірген

1 561

Фото: МұрағаттанҚарағанды облысында қайғылы жағдай болды. Жақындарының айтуынша, 9-сынып оқушысы Мейіржан Нұржанұлын өз құрдастары зират маңына алдап апарып, соққыға жыққан. Жеткіншек жүрек тұсынан алған ауыр соққыдан сол жерде көз жұмған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Марқұмның әжесі Несіпгүл Тұтқабекова сүйікті немересін апта бұрын жер қойнына тапсырғанын айтып, қасіретін жасыра алмады. Оның сөзінше, Мейіржан сол күні кешке достарымен бірге үйден шыққан, бірақ сол күйі оралмаған. Бірнеше сағаттан кейін оның денесі мола маңынан табылған.

Марқұмның ағасы Бауыржан Нұржанұлының айтуынша, бірнеше жасөспірім Мейіржанды кезекпен ұрып-соққан.

“Төрт бала кезекпен ұрыпты. Екі айналым жасаған екен. Негізінен жүрек тұсынан ұрған. Жүрегі жарылып, сол жерде жан тапсырған. Кейін бізге ‘талып қалды’ деп алдады,” – дейді ол.

Мейіржан отбасындағы үш баланың кенжесі болған. Әкесі ерте қайтыс болып, анасы мен әжесінің тәрбиесінде өскен. Ол сабағын үздік оқып, физика мен математика пәндеріне ерекше қызығушылық танытқан. Тіпті қайғылы оқиға алдында байқауда жеңіске жеткен. Арманы – ҰҚК қызметкері болу еді.

Әжесінің айтуынша, немересі соңғы айларда мектептегі әлімжеттікке тап болған, бірақ ешкімге шағымданбаған.

“Бастық балалары ақша жинайды екен. Кім әкелмесе – соны ұрып шығады. Бір күні көгеріп келді, ‘ештеңе етпейді’ деді. Кейін білдім, оны ұзақ уақыттан бері қорқытып жүрген екен,” – дейді Несіпгүл Тұтқабекова.

Марқұмның туыстарының сөзінше, күдіктілердің барлығы – түрлі мектептердің оқушылары, олардың арасында Мейіржанның өз сыныптасы да бар. Алайда мектеп әкімшілігі тергеу жүріп жатқанына байланысты түсініктеме беруден бас тартқан.

“Қазір қылмыстық іс қозғалды. Тергеу мүддесіне байланысты қосымша ақпарат берілмейді,” – деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева.

Қайғыдан қан жұтқан отбасы тергеудің әділ жүргізілуін және кінәлілердің тиісті жазасын алуын талап етуде.

“Біздің баламыз жазықсыз өлді. Енді бұл істі жауып қоймасын, әділ шешім шықсын,” – дейді қара жамылған отбасы.
OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.