Арал ауданында жаңа жобалар басталды

104
Арал ауданында Қазақстан Республикасының Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Әлимұхаммед Құттымұратұлы жұмыс сапарымен болды,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 

Іс-сапар барысында аудандағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, жүзеге асу үстіндегі жаңа жобаларды көрді. 

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов «Көкарал бөгетін сақтап қалу және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру» жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Онда аудан әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Кіші Аралды сақтап қалу бойынша шұғыл шаралар қабылданғандығын, тиісінше «Көкарал бөгетін сақтап қалу және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру» жобасының өткен жылы бастау алғандығын айтты. 


Айта кетейік, жобаны бастауға былтыр 500 млн.теңге бөлінсе, биылға 1 млрд. 200млн. теңге қаралды. Соған сәйкес Тұщы, Сарытерең, Қарашалаң-1, Қарашалаң-2 каналдарына механикалық тазарту жұмыстарын жүргізу қолға алынған. Осыған орай, Бөген ауылдық округінде орналасқан «Сарытерең» каналын қазу өткен жылы басталып, бүгінде аталған жұмыстар аяқталды. Нәтижесінде 1500 гектардан аса шабындық аумақты суландыруға және теңіз суының тұщылану аумағының ұлғаюына септігін тигізбек. 


Әлимұхаммед Құттымұратұлының жұмыс сапары Көкарал бөгетінде жалғасты. Онда аудан әкімі соңғы 3 айдан аса уақыт ішінде теңізге 1 млрд. текше метрден аса су түскендігін жеткізді. Сондай-ақ аудандағы көлдер мен көлдер жүйесінің барлығы өз көлемінде толтырылғандығын айтты. 


Мұнан соң, аудан әкімі Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторын «Ақлақ» су тоспасының жұмысымен таныстырды. 2003 жылы салынған гидро нысанға өткен жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бірнеше айға созылған құрылыс нәтижесінде бөгетке төнген қауіп толығымен сейілді. Бүгінгі таңда «Ақлақтан» Кіші Арал теңізіне қарай секундына 213 текше метр су түсуде.
Қазақстан Республикасының Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Әлимұхаммед Құттымұратұлы Арал ауданында басталған жаңа жобалармен танысты. 


Жыл басы Арал ауданы үшін жағымды жаңалықтармен басталды. Өңірде ұзақ жылдар бойы өзекті болып келген темір жол өткелі мәселесі шешіліп, тиісті қаражат республикалық бюджеттен бөлінген болатын. Аталған құрылыс жұмыстары барысымен аудан әкімі Серік Сермағамбетов таныстырды. 


Айта кетейік, көпірдің жалпы ұзындығы 940 метрді құрайды. Оған қоса жаяу жүргіншілер жолы да қарастырылған. Жобаның құны 3,2 млрд. теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары келесі жылы толығымен аяқталмақ. 


Мұнан соң, мемлекеттік инспектор «Арал сода» ЖШС-нің «Кальцийленген сода шығару зауытын салу» жобасымен танысты. Жобаның жалпы құны 146,4 млрд. теңгені құрайды. Жоба индустрияландыру бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Нысан іске қосылғанда өңірдегі 700-ге жуық тұрғынды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады. 
Аудан әкімі Серік Сермағамбетов Мемлекеттік инспектор Әлимұхаммед Құттымұратұлын «Балықшылар аллеясын қайта жаңғырту» барысымен таныстырды. Аталған нысан 2022 жылы басталып, бөлінген қаржыға «Балықшылар монументі», су бұрқақ, балықшылар тақтасы жасалынған. Ал, биыл жаяу жүргіншілер жолы мен түнгі жарық шамдар қойылып, шамшырақ(маяк) орнатылатын болады. Тиісінше бұл жер Аралдықтардың серуендеп, демалатын орталығына айналмақ. 


Теңізді өлкеде атқарылып жатқан ілкімді істерге Әлимұхаммед Құттымұратұлы оң бағасын беріп, жүзеге асып жатқан жобаларға сәттілік тіледі.