Түркістан облысында пошта қызметкері сыбайластарымен бірге 35 млн теңге жымқырған

306
Түркістан облысының полицейлері өзі жұмыс істейтін мекемеден 35 мил теңге жымқырған пошта қызметкері мен оның 2 сыбайласын ұстады- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Сарыағаш аудандық полиция бөліміне аудандағы пошталардың бірінің қызметкері арызданып, мекемеге тиесілі 35 миллион теңгеге жуық ақшаны белгісіз адамдардың қолды еткенін жеткізген.

Аталған жайтты сарыағаштық полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеп, қажетті шараларды атқарды. Оқиға болған мекемеге барған тәртіп сақшылары бейнекамералардың жазбаларын мұқият тексеріп, айғақты заттарды іздей бастады. Бірнеше күнге созылған жұмыстар кезінде күдікті ретінде пошта қызметкері, яғни жас жігіт анықталды. Ұсталған жігіт Сарыағаш ауданының тұрғыны.

Сондай-ақ тергеп-тексеру барысында ұсталған жігітке қылмысты жүзеге асыру үшін көмектескен 2 сыбайласы, яғни ер азаматтар анықталды. Олардың бірі жергілікті тұрғын болса, екіншісі Семей қаласының тұрғыны.

Белгілі болғандай пошта қызметкері қасындағы 2 сыбайласымен бірге алдын ала сөз байласып, мекеменің қорына жиналған 35 000 000 теңгені шотына аударып жіберу арқылы жымқырған. Қолды еткен қомақты қаржыны өзара бөлісіп алған.

Қазіргі таңда ұсталған 3-еу қамауға алынды. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның басқа да толық мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады.