Қызылордада 850-ден астам ауыл азаматы мен жастарға 2,5 пайызбен несие берілмек

181

Қызылорда облысында биыл 250-ден астам жас пен 600-ден астам ауыл азаматына 2,5 пайызбен несие беру жоспарлануда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.



Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов мұндай қолдау аймақ тұрғындарының кәсіппен айналысуға қызығушылығын арттырады деп санайды.


«Бүгін Мемлекет басшысы VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында ел дамуына үлес қосатын кәсіпкерлердің «жаңа толқынын» қалыптастыру қажет екенін айтты. Биылдың өзінде жастар мен ауыл азаматтарына 2,5 пайызбен несие беру үшін облысқа 4,3 млрд теңге бөлінді. Бұл – үлкен қолдау. Кәсіп бастаймын деген азаматтар үшін жақсы мүмкіндік», – дейді Пірмұхаммед Сыздықов.


Кәсіпкерлер палатасының басшысы мемлекеттің қолдауы мұнымен шектелмейтінін айтты.


«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында «Мен кәсіпкер» жобасын жүзеге асырып жатыр. Биыл осы жоба аясында 600-ге жуық қызылордалыққа қызмет көрсетуді көздеп отырмыз. Атап айтқанда, кеңес береміз, оқытамыз, жобасын нақты өнім шығарғанға дейін сүйемелдейміз», – деді Палата директоры.


Пірмұхаммед Сыздықов бүгінгі Парламент сессиясында Президенттің шағын және орта бизнесті қолдауға арналған кешенді шара қабылдау жөніндегі тапсырмасы да бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыратынын атап өтті.


«Халық қазір кәсіппен айналысуға жан-жақты қолдау бар екенін жақсы түсінді. Рас, кейде әкімшілік кедергілер кездесіп жатады. Ондай жағдайда кәсіпкерді қорғауға, көмек көрсетуге біз әзірміз», – деді Кәсіпкерлер палатасының басшысы.


Кәсіпкерлікке қатысты сұрағы бар азаматтар Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына 8 /7242/ 40-09-81 нөмірі арқылы хабарласа алады немесе Facebook желісіндегі «Сыр өңірі мен Қызылорда қаласындағы БИЗНЕС» тобынан барлық жаңалықпен танысуына болады.


Еске салсақ, 1 наурыздан бастап кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін жастарға берілетін жылдық 2,5% жеңілдікті микрокредиттер беру үшін құжаттарды қабылдау басталған болатын.

Микрокредиттер 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз ісін ашу немесе кеңейту үшін, 5 жылдан аспайтын мерзіммен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі. Бұл ретте қатысушылардың жасы "Аграрлық кредиттік корпорация" АҚ-ға өтініммен жүгінген кезде ескеріледі.

Микрокредиттің мөлшері 5 млн теңгеге дейін, ал қатысудың ең ұзақ мерзімі – 5 жылдан (кез-келген мақсатқа), 7 жылға дейін (мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін) болуы мүмкін.

Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5%-дан аспайды.

Микрокредит алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі, ол микрокредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды.

Кепілмен қамтамасыз етудің болуы міндетті шарт болып табылады. Ол ретінде жылжымалы (мамандандырылған техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепілмен қамтамасыз ету болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-аналарын, туыстарын және тағы басқа) тартуға болады.


Негізгі шарттары:


  • - 18 ден 35 арасындағы жастар қатыса алады. (35 жас кірмейді). ИП немесе ТОО секілді заңды тұлға атынан өтінім бересіз.
  •  - ИП-ның тіркелген мерзімі 5 жылдан аспауы керек!
  • - 2.5%-бен 5 млн теңгеге дейін несие беріледі.


Мал шаруашылығы үшін 7 жылға, ал басқа да кәсіптерге 5 жылға дейін. Несие берілетін уақыттың үштен бірінен аспайтын мерзімге жеңілдік қарастырылған. Ол дегеніміз 5 жылға алсаңыз 1.5 жылдан астам уақыттан кейін;ал 7 жылға алсаңыз 2 жылдан астам уақыттан кейін несиені қайтарып бастайсыз деген сөз.


Кепілдік болуы міндетті. Кепілге жылжымайтын мүлік немесе көлік, арнайы техникалар қоя аласыз. Өз туыстарыңыз сенім білдірсе олардың атындағы мүлікті кепілге бере аласыз.


Қазірде

Ақмола

Ақтөбе

Жетісу

Абай

Жамбыл

БҚО

Қарағанды

Ұлытау

Қостанай

Қызылорда

Маңғыстау

Павлодар

Түркістан

Астана қаласында өтінімдерді қабылдау жүріп жатыр.


Өтінімдерді өзіңіздің өңірдегі Агрокредит аграрлық несие корпорациясының филиалдарына барып бересіздер.


Қажетті құжаттар тізімі:

- жеке басын куәландыратын құжат;

- жоба бойынша бизнес-жоспар;

- шоттың болуы туралы қызмет көрсететін банктен анықтама;

- кредиттік берешектің, оның ішінде қаржы ұйымдарынан мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтама (кредиттер болған кезде);

- қатысушының/үміткердің жалақысын және (немесе) өзге де табыстарын растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме) болған кезде;

- кепілді қамтамасыз ету ретінде берілетін мүлікті бағалау туралы есеп;

- кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар.