Еліміздің құтқарушы қызметкерлері 48 жастан бастап зейнетке шықпақ
Әлихан Смайылов еліміздегі құтқарушылардың зейнет жасы төмендейтінін мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
"Құтқарушылардың зейнет жасына келсек, қазіргі таңда Төтенше жағдайлар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге құтқарушыларды азаматтық қызметшілер санатынан азаматтық қорғаныс санатына өткізу мәселесін пысықтап жатыр", - делінген жауапта.
Осы ретте құтқарушылардың зейнетке шығу жасы қысқармақ.
"Аталған өзгеріс құтқарушыларды әлеуметтік кепілдендіру шараларын жетілдіреді. Оның ішінде еңбек өтілі бойынша (25 жыл) немесе шекті жасқа (48 жас) жетуіне байланысты зейнетке шығуға құқық береді. Сондай-ақ, құқық қорғау органы қызметкерлеріне берілетін өзге де жеңілдіктер ұсынылады", - деп жазады Премьер-Министр.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында құтқарушылардың айлығы 2025 жылға дейін 2 есе өсетінін мәлім етті.
«Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асырудың жалпыұлттық іс-шаралары жоспары аясында 2022 жылдан бастап азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының еңбекақысы көбейтіліп жатыр. Оның ішінде азаматтық қорғаныс құтқарушылары да бар. Олардың еңбекақысы лауазымдық айлық коэффицентін түзету арқылы (2022 жылы – 1,23 (23%); 2023 жылы – 1,45 (18%); 2024 жылы – 1,71 (18%); 2025 жылы – 2 (17%)) өзгереді. Осы түзетулерді ескерсек, 2025 жылға қарай құтқарушылардың айлығы 2 есе өседі» - деп жазады Премьер-Министр.
Әлихан Смайылов биыл құтқарушыларға өмірі мен зенсаулығына қауіп төндіретін жұмыс атқарғаны үшін лауазымдың айлығының 70%-ы көлемінде үстемеақы белгіленгенін еске салады.
«Одан бөлек азаматтық қызметшілердің, бюджет есебінен күн көріп отырған ұйымдар қызмметшілерінің, қазынашылық кәсіпорын жұмысшыларының еңбегіне ақы төлеу жүйесі бойынша құтқарушылардың лауазымдық еңбекақысына атқарып жүрген жұмысының ауырлығына қарай базалық айлықтың 20%-ынан 300% дейін үстемеақы мен қосымша төлем қарастырылған. Осы қабылданған шаралардың нәтижесінде құтқарушылардың айлығы қазіргі таңда орта есеппен 337 681 теңге болып тұр», - деп жазылған жауапта.