Қазақстанда TikTok желісін пайдалануға тыйым салынуы мүмкін
Депутат Аманжол Әлтай еліміздегі кәмелетке толмаған балаларға TikTok желісін қолдануға тыйым салуды ұсынды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Депутат соңғы уақытта жасөспірімдер арасында жантүршігерлік оқиғалар жиілеп кеткеніне қапаланды. Айтуынша, бұл мектептерде, отбасында, бүгінгі қоғамда бала тәрбиесі мәселесі ақсап тұрғанын көрсетеді.
"Жанымызды түршіктірген, санамызды сілкіндірген Түркістандағы мектеп оқушысының өлімі, Қазалыдағы қатты соққылардан комаға түскен баланы айуандықпен жабылып тепкілеп жатқан жасөспірімдердің озбыр бұзақылығы, Өскемендегі топ құрып алып, өрімдей қызды шешіндіріп қойып аяусыз сабап жатқан тәрбиесіз қыздардың жиіркенішті әрекеттері - бүгінгі дабыл қағып сөйлеуімнің негізгі себебі", - деді Әлтай бас прокурор мен ішкі істер министріне жолдаған депутаттық сауалында.
Осы орайда депутат ел болашағы – тәрбиелі ұрпақ екенін, ендеше ұрпақ тәрбиесіне салғырт қарамауға міндетті екенімізді атап өтті.
"Енді не істеу керек? Елімізде ізгілікті, қайырым, мейірім, қамқорлықты ұлық тұтатын әлеуметтік орта қалыптасуы қажет. Мейірімділікке, мемлекетшілдікке, ұлттық тәлім-тәрбиеге негізделген ұлттық идиология қалыптасуға тиіс", - деп мәлімдеді мәжілісмен.
"Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы заңға қайшы мазмұндағы 16 мың интернет ресурс анықталған. Өкінішке қарай, телефонға телмірген бүгінгі ұрпақ әлеуметтік желілердің талғамсыз, бала санасына әсер ететін ақпарат тасқынының тұтқынына айналып отыр. Қазақстанда балалар арасында шектеусіз қызмет етіп жатқан TikTok әлеуметтік желісін кәмелетке жасқа толмаған жасөспірімдер арасында тыйым салу керек", - деді Әлтай.
Сондай-ақ ол жалған қорытындылармен ахуалды ушықтырмай, кең көлемді әлеуметтік зерттеулер жүргізіп, балабақшадан бастап, жоғары оқу орнына дейінгі тәрбие жұмыстарының қаншалықты тиімді екені, қоғамдық-әлеуметтік ортаның қазіргі жағдайы және оның ұрпақ тәрбиесіне қалай әсер етіп жатқаны, отбасындағы тәрбие мәселелері жан-жақты бағалануы қажет екенін айтты.
Әлеуметтік зерттеулердің нәтижесіне сүйене отырып, ІІМ өздерінің ұрпақ тәрбиесіне байланысты жоспарларына тиімді өзгерістер енгізуге тиіс. Кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларының қызметін ұйымдастыру қағидаларын қайта қарау маңызды, деп толықтырды мәжілісмен.
Бұдан бөлек, депутаттың пікірінше, оқу-ағарту министрлігі мектептерде мұғалімдер оқушыларға тек академиялық білім беріп қана қоймай, балаларға берген тәрбиесін де таразылау механизмін енгізген жөн. Әлеуметтік педагог, сынып жетекшісі қызметін ұйымдастыру қағидаларын қайта қарауға тиіс.