Ринат Зайытовтың Мәжілістен кетуін талап еткен петиция жарияланды
Елімізде депутат Ринат Зайытовтың өкілеттігін тоқтату туралы петицияға қол жиналып жатыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Петиция талаптарын 3,5 мыңға жуық адам қолдап үлгерген. Автор Айбек Амантаев "Адырна" ұлттық порталына берген сұхбатында Ринат Зайытов Қазақстанда барлық алаяқтықтардың 80%-ын намаз оқитындар жасайтынын айтып, сол арқылы ел азаматтарының ар-намысы мен қадір-қасиетін негізсіз қорлағанын қазақстандықтардың есіне салған.
Егер Ринат Зайытовтың анықтамасына сенетін болсақ, Қазақстан Республикасының 15,6 млн азаматы алаяқтар және алаяқтық әрекеттер жасайды, бұл шындыққа жанаспайды, – деді петиция авторы.
Ол бұл сөз қоғамдық резонанс тудырып, еліміздің қоғамдық тұрақтылығына қауіп төндіретінін айтты.
Демократиялық қоғамда мұндай сөздерге жол берілмейді, - деп қосты Амантаев.
Еске салайық, жуырда берген сұхбатында Ринат Зайытов мектептерде балаларға арналған намаз бөлмелерін ашу туралы пікір білдірді.
«Мектептерде намазхана болса, онда буддистердің, христиандардың, яхудилердің өзінің діни құлшылығын жасайтын бөлмелер ашып берейік. Біз зайырлы мемлекетпіз. Біз барлығының құқығын тең сақтауымыз керек», – дейді ол.
Бұдан кейін ол Ислам дінін қабылдаған рэп-орындаушының сөзін мысалға келтірді.
«Айс Кьюб деген рэп орындаушы «сіз мұсылман дінін қабылдағансыз ба?» деген сұраққа «жоқ» деп жауап беретін. «Неге мойындамайсыз?» десе, «өйткені менің бойымда ұялатын дүние көп» дейтін. «Сондықтан мұсылманмын деп айтуға ұяламын. Ертең басқа мұсылман менің қателігімді қайталамасын» дейтін. Мен сізге факт айтайын. Қазақстанда жасалып жатқан алаяқтықтардың 80 пайызын жасап отырған қауым – намаз оқитындар. Өтірік десе бетіме бассын. Тіпті қарапайым базарға барыңыз, басқа жерге барыңыз «Алла» деп тұрып адам алдап жатыр. Онда жанашыр адамдар осыны түзетсін», – деген болатын Ринат Зайытов.
Осы мәлімдемесінен кейін депутатқа қазақстандық актер Нұртас Адамбай шүйлікті. Ол мәжілісменнен айтқан сөзін дәлелдеуді талап етті.
"Біздің еліміздегі алаяқтық әрекеттердің 80% -ын намаз оқитын адамдар жасайтыны туралы сөздеріңізге дәлелдер келтіруді сұраймын. Әйтпесе, мен сізді мылжың деп қабылдаймын. Ал мылжыңдарға парламентте орын жоқ. Аллаға сенушілерге күйе жағатын сөздеріңізге дәлел келтірмесеңіз, депутаттық креслоны босатып, оны лайықты адамға беруіңізді сұраймын. Өз сөздері үшін жауап бере алмайтын адамдар заң шығарушы биліктің атынан сөйлей алмайды", - деді Адамбай.