Жергілікті өнімге сұраныс жоғары

90

Жергілікті өнімге сұраныс жоғары,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

 Бұл – Әділет  Айтмағанбетов. Былтыр ғана оқу бітірді. Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін тәмамдаған. Мамандығы жол саласына қатысты. «Автомобиль жолдарының құрылысы» бойынша бітірген кейіпкеріміз бүгінде жұмыс істейді. Дұрысы, Қызылорда облысындағы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» филиалының зертханашысы.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» деп аталатын құзырлы мекеме төрт жыл бұрынғы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан соң құрылды. Біздің облыста бұның филиалы бар. 2019 жылдың наурызында Үкіметтің №131 қаулысымен ашылған мекеменің негізгі міндеті – республика аумағында салынып жатқан немесе жөнделіп, жаңартудан өткен автожолдардың сапасын сараптау. Мына жол қалай салынды, қалыңдығы, ұзындығы мен ені  құжат бойынша сәйкес пе, асфальт құрамы, битум сапасы, бәрін-бәрін арнайы зертханада анықтап, қорытындысын қолыңа ұстата қояды.

Әділет үш жыл бұрын осында тәжірибеден өткен. Бес ай бойы теориядан алған білімін практикада ұштастырыпты. Әрі арнайы келісім-шарт негізінде жалақы алып жүрді.

Былтыр оқу бітірген соң осы орталыққа қайта келіп, тамыз бен желтоқсан айы аралығында тағы да жұмыс істедім. Жалақы төленіп тұрды. Ал биыл сәуір айынан бастап тұрақты жұмысқа тұрдым. Бұйырса, әлі де жолдағы құрылыс материалдарының сапасы мен кемшілігін анықтауда көп нәрсе үйренемін. Мұндағы білікті мамандар бар білгенін түсіндіріп отырады. Қазірдің өзінде асфальт құрамы, ондағы суды сіңіру пайызы, жолдың астыңғы қабатына төселетін материалдар сапасын анықтауда зерттеу жасап жүрмін. Алдағы уақытта мамандығым бойынша жол саласында жұмыс істегім келеді, – деп ағынан жарылды бізге жас маман.

Ресми дерекке сүйенсек, республика бойынша бұған 10 мыңнан астам маман жетіспейді екен. Мектеп бітірушілердің көбі гуманитарлық бағыттағы мамандыққа әуес. Жол құрылысын меңгеруге құлшыныс танытатындар аз. Ал қазіргі жол саласында жүргендер көбі маман емес екенін ашық айтуымыз керек. Төселіп жатқан асфальт не басқа да материалдың жағдайы жіті зерттелмеген соң сапасы оңды бола ма?! Кеше салған жолдың бүгін тозатыныны тағы бір себеп осы. Дұрысы, жол салудан бөлек, оны күтіп ұстауды да білетін кадр керек-ақ.

Мысалы, оқу орнында біздің топта 32 бала оқыды. Соның ішінде он шақты студент қана өз мамандығымен жұмыс істеп жүр. Қалғаны басқа салада. Жалпы, жол саласындағы жалақының аздығы да бұған әсер етеді деп ойлаймын. Екіншіден, қазіргі жастарды білесіз ғой, бірден басшы болғысы келеді, – деп күлді Әділет.

Оның айтуынша, орталықтағы жұмысы өзіне ұнайды. Жаңа зертханалық құрал-жабдықтар келіп, жұмыс бұрынғыдан жеңілдене түскен. Сондай-ақ бұл салаға мол тәжірибе керек. Қазір Әділет облыс орталығындағы жолдарды түгел аралап, танысыпты. Инженерлермен бірге салынған жолдың сапасын білу мақсатында аудандарға да сапарға шығып жүр.

Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін елдегі жолдың 95 пайызы жақсы жағдайға жетуі тиіс деген пәрмен берді. Ал жыл сайын республикада шамамен 10 мың шақырым жергілікті жолдар жаңғыртудан өтеді. Бірақ, сапаға көңіл тола ма? Мерзімді баспасөз бен телеарнада әлеуметтік желідегі жазбаларда жол сапасына деген сын көп. Бұл жерде кадр тапшылығы анық көрініп тұр. Жоғарыда айтқан «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» бұл қиындықты жыл өткен сайын еңсеріп келеді. Облыстық филиалдағы зертхана меңгерушісі Мағжанның айтуынша, орталық басшылығы өзін жақсы жағынан көрсетіп, тәжірибеден өтуде талпынысы жоғары студенттерге қосымша жалақы төлеуге шешім қабылдаған.

 Бұл ынталандыру. Қазір біздің жол саласында маман тапшы екенін мойындауымыз керек. Сол себепті студенттерді арнайы бағдарлама шеңберінде зертханалық іс-тәжірибеге үйретіп, жол саласына жұмысқа тартудамыз. Біз бұған дейін де бірнеше студентті тәжірибеден өткіздік. Олар еліміздің әр түрлі қаласында жұмыс істеуде. Негізгі мақсат осы. Өзіңіз білесіз, жаз бойы бізде жұмыс қарбалас. Ал қыста қарап жатпаймыз. Мысалы, барлық мамандар болып облыстағы мектеп оқушыларымен кездесу өткізудеміз. Кәсіпорынның арнайы «Екі мың мектеп» атты бағдарламасы бар. Мақсатымыз – біздің мамандыққа деген қызығушылығын ояту. Жыл басынан бері облыс бойынша бірнеше мектепте кездесу өткізіп, оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар берілді. Мойындау керек, жалғыз зертханаға ғана емес, жол салушылардың өзі қазір түрлі техникалық мамандыққа зәру, – дейді Мағжан Қасымхан.

Оның айтуынша, нәтиже де көңіл қуантарлықтай. Осы кейінгі үш-төрт жылда салаға қызығушы жастарды саны артқан. Екінші бір қуаныш, Қызылорда қаласындағы Исатай Әбдікәрімов атындағы аграрлық-техникалық колледжінде биыл алғаш рет «автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы және пайдалану» мамандығы ашылған еді. Қазір 25 студент оқиды. Мұндай шаралардан соң жол құрылысы саласына қызыққан жігітердің аз болса да қатары көбейіп келеді. Ал біздің кейіпкер – Әділеттің таңдауы көп жастарға үлгі десек қателеспеспіз. Өйткені, нағыз қат мамандыққа сұраныстың жоғары болатынын да ескеру керек.