Аймақтың ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып келеді

112

Аймақтың ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып келеді,-  деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзінің Жолдауында елімізде агроөнеркәсіп кешенінде атқарылатын міндеттер мен алдағы жоспарлар нақтыланды. Бұл орайда Сыр өңірінің ауыл шаруашылығында жүзеге асырылатын жұмыстар баршылық. Өңір экономикасында аграрлық саланың алатын орны айрықша екені белгілі. Жергілікті тұрғындардың елеулі бөлігі – жерден несібе терген қарапайым еңбек адамдары. Сондықтан аталған сала әрдайым мемлекет қолдауына ие болып, бұл бағытта нақты қамқорлық көрсетіліп келеді. Өңірдің аграрлық саласы заман талабына бейімделіп, алыс және жақын шетелге шығатын экспорт өнімдеріне ден қойды. Суды ысырапсыз пайдалану жүйесін жолға қою мақсатында әртараптандыру шаралары қолға алынды.

Бүгінгі таңда аймақтың ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып келеді. Әсіресе егін, мал шаруашылығы мен экспорт және инвестициялық жобалар бойынша өсім бар.
 Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары саласында 2023 жылдың қаңтар-наурыз айларында атқарылған жұмыстарға тоқтала кетсек...


Саланың негізгі көрсеткіштері


Биыл қаңтар-наурыз айларында статистиканың алдын-ала мәліметі бойынша 17 030,1 млн теңгенің өнімі өндіріліп, 2022 жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 101,7 пайызды құрады
 Ауыл шаруашылығы негізгі қорына ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында 966,9 млн теңге инвестиция салынып, өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 13,2 есе артты.


Көктемгі дала жұмыстарына дайындық


Биылғы жылы облыс бойынша 195,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру болжанған.
 Анықтама ретінде: дәндi дақылдар – 96,4 мың га, майлы дақылдар – 5,7 мың га, мал азықтық дақылдар – 73,7 мың га, қант қызылшасы 7 га, картоп, көкөнiс, бақша – 19,8 мың гектар.

 
 Негізгі дақыл күрiштің көлемі 83,9 мың гектарды құрайды.


 Ауыл шаруашылығы құрылымдары биылғы жылдың егісі үшін өткен жылдың күз айларында 4,8 мың га күздік бидай егуді және 41,2 мың га сүдігер айдауды қамтамасыз етті.
 Өткен жылмен салыстырғанда жалпы егіс көлемін 7,0 мың гектарға, күріштің көлемін 5,3 мың гектарға, мал азықтық дақылдарды 2,3 мың гектарға, картоп, көкөніс, бақшаның көлемдерін 222 гектарға ұлғайу межеленуде.  

Вегетация кезеңіне cу лимиті белгіленгеннен кейін егістің көлемдері қайта нақтыланатын болады.
 Сонымен қатар, облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті тұрғындарды өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне тиісті тапсырма берілді.

 
 Бүгінде Қызылорда қаласы мен аудандар бойынша 6 485 мың жергілікті тұрғындарға егін егуге ынта берілетін барлығы 3 255,4 мың гектар егістік жерлер нақтыланды.
 Осы нақтыланған егістік жерлерге егін егуге ынта білдірген облыстың 137 кент және ауылдық елді мекендерде тұратын 4 311 отбасыларының тізімдері жасалынды. Қазіргі таңда, егісті суаруға қажетті насос қондырғылары, тұқымдар, егістікті қоршау жұмыстары жүргізілуде.
 Бүгінде көктемгі дала жұмыстарына дайындық жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес атқарылуда.


Тұқым дайындау


Облыстың шаруашылық құрылымдары қажетті тұқымдық материалдарымен толық қамтамасыз етілген.
 Құйылған 21,6 мың тонна күріш тұқымының бүгінде толық көлемі тазаланды.
 Қажетті 61,2 мың тонна минералдық тыңайтқыштардың 57,5 мың тоннасы сатып алынды. Шаруашылықтар минералдық тыңайтқыштарды жеткізуші мекемелермен келісім-шарт жасау арқылы сатып алып жатыр.
 Сонымен қатар, басқарма тарапынан отандық минералды тыңайтқыш өндіруші зауыттарға («КазФосфат», «КазАзот») қажетті тыңайтқыш көлемінің айлар бөлінісіндегі қажеттілік кестесі жолданды.

Негізінде тыңайтқыштардың биылғы бағасы өткен жылығы бағамен салыстырғанда 12-20% аралығында арзандап отыр.
 Сол сияқты, егінге қажетті 80,7 мың литр гербицидтердің бүгінгі күнге 14,6 мың литрі (18,0%) гербицид сатып алынды.


Техникалардың дайындығы мен жанар-жағармаймен қамтылуы


Көктемгі егіс егу науқанына қатысатын барлығы 3 979 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларының (1993 трактор, 478 соқа, 252 тұқым сепкіш, 323 жүк көлігі және 933 трактор тіркемелері) бүгінгі күнге толық жөндеуден өткізілді.
 Облысқа биылғы көктемгі дала және егіс жұмыстарын жүргізуге барлығы 12,1 мың тонна (ақпан – 7,5 мың тн, наурыз – 1,1 мың тн, сәуір – 1,1 мың тн, мамыр – 1,3 тн, маусым – 1,1 тн) арзандатылған дизель отыны бөлініп, оның ақпан-наурыз айларына бөлінген 8,6 мың тоннасына жергілікті операторлар арқылы 100%-ға қаржысы төленіп, 8,4 мың тоннасы облысқа жеткізіліп, бүгінгі таңда оның 3,8 мың тоннасы шаруашылықтарға 1 литрін 212 теңгеден таратуда.
 Сонымен қатар, сәуір айына бөлінген 1,1 мың тонна дизель отынына жергілікті операторлар 100 пайызға ресурс ұстаушы мекемемен келісім-шарт жасап, қаржы толық аударылды.

Қаржыландыру бойынша

Облыста 2023 жылы межеленген егіс көлемдеріне және аудандар бойынша жинақталған мәліметке сәйкес, шаруашылықтардың көктемгі дала және егіс егу жұмыстарына қажетті орташа болжамдық қаржы көлемі 19,8 млрд теңгені құрап отыр.

Егін егу барысы


Көктемгі дала жұмыстарынан егісті егу жұмыстары ағымдағы жылдың 15 наурызынан басталды.
 Облыста күріштен басқа 36,6 мың гектарға ерте егілетін дақылдардың  бүгінгі күнге барлығы 29,5 мың гектары егіліп, (оның ішінде 4,4 мың гектар жаздық бидай, 4,4 мың гектар мақсары, 20,1 мың гектар жаңа жоңышқа дақылдары, 380 га арпа, 64 га соя, 85 гектарға қант құмайы, 5 гектарға күнбағыс дақылдары егілді) 46,3 мың гектар ескі жоңышқа мен 5,8 мың гектар күздік бидай күтімге алынды (46,3 мың га ескі жоңышқаның бүгінгі таңда 45,0 мың га тырмаланып, 18,3 мың га суғарылды, 5,8 мың га күздік бидайдың 3,2 мың га тырмаланып, 4,8 мың га тыңайтқышпен үстеп қоректендірілді, 4,2 га суғарылды).
 Негізгі дақылы күріш егу жұмыстары ағымдағы жылы сәуір айының үшінші онкүндігінде басталып кетті. Көктемгі дала және егін егу жұмыстары жалғасуда. Көктемгі дала және егін егу жұмыстарының атқарылу барысы тұрақты бақылауда.


Мал шаруашылығы саласында оң динамика қалыптасты


Өңірде төрт түлікті түлетіп, ата кәсіпті өрістету жұмыстары да жүйелі жүргізіліп келеді. Бүгінде мал шаруашылығымен айналысушы ағайынның саны артуда. Оған әрине осы сала бойынша қабылданған бағдарламалар мен мемлекет көмегінінің септігі мол.
 Мал шаруашылығы саласында оң динамика қалыптасып, мал басы тұрақты өсіп, өндірілген өнім көлемі артуда.
 Облыс бойынша 2023 жылдың 1 сәуіріне 400,0 мың бас мүйізді ірі қара, 795,2 мың бас қой мен ешкі, 220,9 мың бас жылқы, 60,2 мың бас түйе және 123,7 мың бас құс тіркелген. Мал басын былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара – 6,5%-ға, қой мен ешкі – 9,5%-ға, жылқы 14,6%-ға, түйе 6,5%-ға, құс 0,8%-ға көбейген.


 Есепті кезеңде 8,9 мың тонна ет (тірі салмақта), 18,2 мың тонна сүт және 1,0 млн дана жұмыртқа өндіріліп, 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ет өндірісі 2,4%-ға, сүт өндірісі 0,9%-ға, артты.


Өнімдер әлемнің 18 мемлекетіне экспортталады


Статистикаға сәйкес 2023 жылдың 1 наурызына облыстан 6,8 млн долларды құрайтын 10,5 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері (күріш, балық өнімдері, қамыс, күнбағыс тұқымы, көкөніс) экспортталып, өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 99,6 пайызды құрап отыр. Өнімдер әлемнің 18 мемлекетіне экспортталды.
 Барлық экспортталған өнімнің 83,9 пайызын құрайтын облыстың негізгі дақылы – күріш өнімі, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина, Түркменстан, Грузия және Моңғолия мемлекеттеріне экспортталып отыр.


 Есепті кезеңге 8 813,9 тонна күріш өнімі экспортталып, былтырғы жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 72,3 пайызды құрады.


 Сондай-ақ, облыстан Ресей, Польша, Литва, Германия, Франция және Австрия мемлекеттеріне 431,8 тонна  балық, Германия, Дания, Нидерланды және Польша мемлекеттеріне 750,0 тонна қамыс және Қытай мемлекетіне 176,0 тонна күнбағыс тұқымы, 325,7 тонна көкөніс экспортталды.


16 инвестициялық жобалар жүзеге аспақ


Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы 2022-2026 жылдары іске асырылатын инвестициялық жобалардың жол картасында құны 55,9 млрд теңгені құрайтын 28 инвестициялық жобалар қамтылған.
 Бұл жобалардың жүзеге асырылуы нәтижесінде 894 жаңа жұмыс орны ашылады.
 Ағымдағы жылы жалпы құны 602,0 млн теңгені құрайтын 16 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.