Қызылордалық оқушылар мектепке жайлы автобуспен қатынайды
Сыр оқушыларына мектепке қатынайтын арнайы автобус берілді, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың Сыр өңіріне жұмыс сапары облыс орталығында қорытындыланды. Ведомство басшысы Қызылорда қаласындағы бірқатар білім беру ұйымының жұмысымен танысып, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге оқушыларды тасымалдайтын 19 автобусты табыстады.
Алдымен министр «Бегім Ана» бөбекжай-бақшасына барды. 280 орындық балабақшада 76 қызметкер, оның ішінде 36 педагог жұмыс істейді. Мұнда бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына арналған «Мобилді кітапхана», «STEAM» дамытушы орталығы, "KIDS City" балалар ойын қалашығы, «Ұлттық ойындар алаңы» дамытушы орталықтары бар. Ведомство басшысы кабинеттерді аралап, күні бойы бір топта екі тәрбиеші болатын "Айгөлек" пилоттық жобасымен танысты.
Әрі қарай Ғани Бейсембаев Б. Момынбаев атындағы №278 IT мектеп-лицейіне барды. Мектепте оқушылар білім алғаннан бөлек, «Hitech» шеберханасы» сандық бағдарламасымен басқарылатын термопресте, төсбелгі дайындайтын білдекте, 3D станоктарда түрлі операция жасайды. Осылайша өзін заман талабына сай дамыта алады.
Мұнан әрі мектеп ауласында оқушыларға арналған автобустарды табыстау рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға ардагерлер мен білім саласының қызметкерлері қатысты.
Аймақ басшысы жаңа көлік алған мектеп ұжымдарын құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» деген тапсырмасы саланы дамыту бағытына батыл қадам қосты. Президент қолдауымен соңғы жылдары еліміздің білім саласында ауқымды реформалар бастау алды. Педагог мәртебесін көтеруде көп жұмыс атқарылды. Оның ішінде, Сыр өңірінің білім саласында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Біз адами капиталды дамыту және білім саласын жетілдіру мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі екенін әрдайым айтып жүрміз. Бүгін, міне, көптен күткен ақжолтай жаңалық - Президенттің балаларды тасымалдауды ұйымдастыру тапсырмасына сәйкес, облысқа бөлінген жаңа үлгідегі автобустарды тапсырудамыз. Көп жылдан бері өзекті болған тасымал мәселесі Мемлекет басшысының, Үкіметтің пәрменімен оң шешімін тапты. Бұл — көптен күткен қуаныш», - деді облыс әкімі.
Айта кетейік, бұған дейін өңірдегі 7 ауданда, мектебі жоқ 21 елді мекенде оқушыларды мектепке қауіпсіз тасымалдау өзекті болатын. Осыған орай мектептерді автобустармен жарақтандыру жөніндегі Жол картасы жасалып, 30 жаңа автобус алынды. Сыйымдылығы 20 және 40 орынға шақталған бұл автобустардың техникалық сипаттамасы заманауи талаптарға сай, көлікте қауіпсіздік талаптары толықтай ескерілген.
Сапар соңында ҚР Оқу-ағарту министрі Т. Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің обсерватория, киностудия, BIOMASTER, BIOFLOWERS, STEM лаборатория кабинеттерін аралап көрді. «Ғылыми идеялар аллеясы» жұмысымен танысты. Облыстағы білім беру ұйымдары басшыларымен кездесіп, саладағы өзекті мәселелерді талқылады.
Жұмыс сапары барысында №118 орта мектеп жұмысымен танысып, оқушылар тасымалына арналған автобус табыстады.
Кездесу барысында ауылдың білімді балаларына арналған білім олимпиадаларын ұйымдастыру қолға алынып жатқанын, мектеп асханасының мәзіріне ұлттық тағамдар кірістірілетінін, бұл білім ұясы мен балабақшадағы бүлдіршіндердің денсаулық жағдайын жақсартатынын жеткізді. Жұмыс сапарын қорытындылай келе, ауданның даму жолындағы жобаларға сәттілік тілеп, ел болашағын тәрбиелеуші бүгінгі мұғалімдер екенін айтты.
Ендігі кезекте Таң ауылы, Жаңақоныс елді мекенінің оқушылыры білім мекеніне заманауи жаңа көлікпен қатынайды.
Жалпы аудан бойынша білім саласына ерекше мән берілген. Атап айтқанда, 2022 жылы Жалағаш кентінен 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі, демеушілер есебінен 5 елді мекенде жалпы құны 42 млн теңгені құрайтын 6 балалар ойын алаңы салынды. 40,8 млн. теңгеге 5 мектеп жаңа модификациялық кабинеттермен қамтылса, биылғы жылы 4 мектепті қамту жоспарланған.
2023 жылы Таң, Мақпалкөл, Далдабай елді мекендеріндегі балалар ойын алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, жоба-сметалық құжаттары дайын №123 мектеп-лицейге қосымша ғимарат салу, №31 және №33 мектептерді күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жүргізіліп, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында Жалағаш кенті орталығынан 300 орындық жаңа мектеп құрылысын салу жоспарлануда. Бұл бағытта 1,3 га жер телімі бекітіліп берілді. Қазіргі таңда жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталатын болады.
Елімізде мектебі жоқ немесе бастауыш мектебі ғана бар ауылдардың балаларын жақын маңдағы білім беру ұйымдарына қауіпсіз тасымалдау үшін 515 жаңа автобус сатып алынады. Бұл туралы «Желіге шолу» айдарында Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев айтты.
@Асемгүл Орынтай есімді оқырманымыз желіде: «Оқушыларды қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр?», - деп сұрапты. Бұл сұраққа Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев жауап берді.
«Балаларды қауіпсіз тасымалдау - біздің бақылауымыздағы маңызды сұрақтардың бірі және біз осы мәселені үнемі көтеріп келеміз. Биыл Балалар жылы аясында қауіпсіздік талаптарына сай келетін 515 жаңа автобус сатып алу үшін республикалық бюджеттен ақша бөлінді. Жаңа автобустар қауіпсіздік белдіктерімен, мектеп сөмкесіне арналған сөрелермен, есіктері ашық кезде қозғалысты тежейтін механизммен және тағы да басқа қауіпсіздік құралдарымен жабдықталған», - деді Дулат Жекебаев.
Комитет төрағасының орынбасары автобустарды сатып алуға бөлінген қаржыны игеру жергілікті әкімдіктердің құзыретінде екендігін айтады. Қоғамдық көліктер елімізде құрастырылатын болғандықтан қомақты тапсырыс отандық автоөндіріс саласын дамытуға да үлкен үлес қосатынына сенімді. Сөзінше, ең бастысы балаларымызға қауіпсіз, жайлы автобустармен қатынауға жағдай жасаймыз.
«Жаңа автобустар Ақмола, Ақтөбе облыстары сияқты бірқатар өңірге жеткізіліп, таратылып жатыр. Біз еліміздің барлық аймағындағы мектеп автобустарын кезең-кезеңімен жаңартамыз. Бірінші кезекте проблема бар өңірлерді автобуспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Мәселен, 515 автобустың 101-і Түркістан облысына жөнелтіледі»,-деді Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев.