"Маған бәрібір. Балалар Аллахқа қайтты" - балаларын өлтірген қылмыскердің әйелі

298

Ақтауда балаларын бауыздап өлтірген ер адам "Жусан" операциясы аясында Сириядан қайтарылған, -деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 



"Koremiz" бағдарламасында осы қылмысқа қатысты тың деректер жарияланды.


Жәнібек Есенов Бейнеу ауылында туған. 2010 жылы Айдана Қасиеваға үйленді. 12 жылдың ішінде үш бала сүйді. Бір ұл және екі қыз. Бірақ ерлі-зайыпты 2022 жылы қараша айында заңды түрде ажырасып кетті. Құрдастарының айтуынша, Жәнібек соңғы жылдары күрт өзгеріп кетті.


"Намаз оқыған соң кішкене тұйықтау, өзімен-өзі болып кетті. Ауылда бірге ойнап жүрген бала ғой. Мінезі ашық, тентектігі болған жоқ. Болған жағдайды естіп, жағамызды ұстадық", - дейді ауылдасы Арман Қожағалиев.


Ал тағы бір танысы оның үйге адам кіргізбейтінін айтты.


"Жалпы, бізге қарағанада киім-киістері, жүріс-тұрыстары басқаша, балақтарын қысқартып, шалбар киеді. Келіншегінің бет-аузын жауып, үйінен шығармайды. Үйіне барған кезде де кіргізбейтін еді", - дейді құрдасы.


Көршілері үш баланың әкесін бірнеше рет көрген. Айтуларынша, салмақты жігіт болып көрінетін. Бірақ ондай қылмысқа барады деп ешқайсы ойламаған.


Жәнібектің әпкесі Анаргүл Есенова да сол күні пәтерге кіргенде есеңгіреп қалды.


"Мен бірінші болып кірдім. Артымнан учаскелік полицей және басқалары кірді. Кіргенде інім еңіреп жылап тұрды. Жаным-ау, не болды дедім. Ол маған алдында анау әйел алиментке жазды, ажырасып жатқанда алиментке жазбаймын деп жатыр еді. Балаларын әйелге бермеймін деген қызғаныш болды ма, өзім білмеймін", - дейді ол.


Оның айтуынша, үш баласын өлтірген бауыры балажан болған. Ол мұндай айуандыққа әйелі екеуінің арасындағы кикілжің түрткі болды деген ойда.


Ал Айдананың анасы қызын балаларымен бірге алып кеткенін ашық айтты.


"Ақтауға барды, Атырауға барды, екі ортада пәтер жалдап жүрді. Сосын күнелте алмағасын мен алып кеттім. Қол жұмсайды, бір күні өлтіріп тастай ма деп, балаларымен бірге алып келдім. Мен өз қызымды қорғаштадым. Балаларынан бұрын қызым өліп қалатын еді. Балалар бірінші каникулда барды, екінші каникулға жібергенде осындай жағдай болды",- дейді анасы.


Айдананың өзі сұхбат беруден бас тартты. Дегенмен, телефон арқылы өзіне қатысты әңгімеге жауап берді.


"Айта берсін, мен ешкімнің алдында ақталмаймын. Намаз оқитыным рас, намаз оқимын. Қоғамда қазір бәрі "вахабист" дейді, айта берсін. Маған бәрібір, сөйлей берсін, мен ешкімнің аузына қақпақ болмаймын. Өз ісіме жауап беремін, болды, басқасына жауап бермеймін. Балалар Аллахқа қайтты, сол адамның себебімен Аллахқа қайтты, болды", - деді Айдана.


Полицейлердің айтуынша, күдікті "Жусан" операциясы аясында Сириядан қайтарылған болатын. Атырауда деструктивті ағымның өкілі ретінде есепте тұрды.


Еске салайық, наурыз айында Ақтау қаласының 27 шағын ауданындағы үйдің пәтерінен 2011, 2014 және 2016 жылы туған балалардың мәйіттері табылды. Оларды өлтірді деген күдікпен 36 жастағы әкесі ұсталды. Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.