Жөнделмейтін жолдардан шаршаған халық ойық жерлерге тал егуде
Атырау қаласының тұрғындары ойылған жерлерге тал егуде, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Атырауда жыл сайын жөнделгенімен алғашқы жауын басталғаннан-ақ ойылып қалатын жолдар жергілікті халықтың ызасын келтіріп отыр. Халықтың арыз-шағымын билікке қайта-қайта жеткізуден шаршаған облыс белсенділері қаладағы асфальт ойығына тал егіп жүр. Мұндай бастаманы әлеуметтік желіде Атырау жолдарын сынға алып отыратын қоғам белсендісі Аслан Омаров көтерген.
Шұрық-тесік жолдарға тал егу арқылы қазіргі кездегі басты проблемалардың бірі – жол мәселесіне жергілікті шенеуніктердің назарын аударғымыз келді. Өйткені айта-айта жақ талды. Енді осындай іс-әрекетке көштік. Өзім қала сыртындағы Дамбы ауылында тұрамын. Шұрық-тесік жолдардан машинамыздың түгі қалмады. Дамбы түгіл қаланың ішіндегі жолдардың түрі оңып тұрған жоқ. Соңғы жылдары салынған жолдардың өзі уақыт өтпей быт-шыты шығып жатыр. Ал мұндай олқылықтардың барлығы жолға жауапты мекеме мамандарының өз жұмысына деген салғырттығынан, жауапсыздығынан болып отыр", - дейді қала тұрғыны Аслан Омаров.
Атырау мен Маңғыстаудың арасында жиі қатынайтын тұрғынның бірі – Нұрлан Сапаров ойылып кеткен жолдардан әбден мезі болғанын айтады.
"Қалаға кіргеннен бастап жолдар тесіліп жатыр. Вокзал маңындағы жол туралы айтпай-ақ қояйық. Ең болмаса кіреберісті дұрыстауға болады ғой. Машина да тоз-тоз болып бітті. Маңғыстау жақ тегіс, Атыраудың аумағына кіргенде шоқалақтардан көз ашпайсың. Әр жағындағы Атырау-Астрахань тас жолын айта-айта жақ талды", - дейді Нұрлан Сапаров.
Қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысының мәліметінше биыл қаланың 13 көшесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 4,5 км құрайтын 4 автокөлік жолы қолданысқа беріледі. Жол жөндеу жұмыстары.
"Қазіргі уақытта 13 көшені жөндеуге мердігерлік ұйымдарды анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алудың ашық электрондық конкурсы жарияланды. Оған 4,3 млрд.теңге көлемінде қаражат қажет. Сондай-ақ қалған 10 км авткөлік жолын толықтай салып бітіру үшін 8,48 млрд.теңге мөлшерінде қаражат көзі қажет. Ал 2023-2024 жылдарда жалпы құны 19,9 млрд. теңге құрайтын жобаларды іске асыру жоспарланды", - деп жауап берді Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы.
Әйгерім Сайқын