Жалақыға 174 млрд теңге бөлінсе де білім саласындағы пара алу фактілері азаймай тұр

117

Шымкент қаласының білім беру саласында 100 миллионға жуық теңге қолды болған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап. 



Қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева қызметкерлерін тексеру, мектеп пен басқа да оқу орындарындағы заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментіне өзі бірнеше рет хат жолдапты. Соның нәтижесінде бірнеше азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалған.


Оның айтуынша, пара беретін адамдарды да заң алдындағы жауапкершілігін қарау керек. Егер ақша алғаннан бұрын ақша берген адам 2 есе артық жауапқа тартылатын болса, көп жағдайда тәртіп болатын еді. Себебі ақша берушілердің артында заңбұзушылық тұрады. Ал оның артында өз-өзіне сенбеушілік сезім болады.


Биыл қаланың білім беру саласына қазынадан 201 млрд теңге бөлінген. Оның 174 млрд теңгесі – жалақының қаржысы. Дегенмен, дәл осы салада пара алу фактілері тыйылмай тұр.  


Осы мәселеге байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев Антикордың басты мақсаты қылмыстық істі қозғап, барлығын тұтқындап, қамау емес, жемқорлықтың себеп-салдармен күресу, оның алдын алу екенін айтты.


Оның айтуынша, қазір еліміз бойынша білім саласында ақшаны жымқыру фактілері болып жатыр. Жалпы сомасы, барлығын қосқан кезде, 100 миллионға жақындап қалды.


Агенттік мамандары мұндай сыртқы талдау жұмыстарының басты мақсаты – қылмыстық қудалау емес, керісінше, бұзушылықтардың алдын алу екенін айтады. Басшы орынбасарының сөзіне қарағанда, 3 айға жуық атқарылған жұмыс нәтижесінде қазына қаржысын жымқырудың бірнеше фактілері анықталған. Әзірге белгілі болған сома – 100 млн теңгеге жуық.