Үкімет басшысы жоспарды орындамаған екі облыстың әкімдіктерін сынға алды

111

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Инвестициялық штаб отырысын өткізді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 


Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, биылғы қаңтар-сәуір айларында НКИ-дың жалпы көлемі 3,8 трлн теңгені құрады, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18%-ға артық. Бұл орайда тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, көлік және қоймалау, ауыл шаруашылығы салаларының көрсеткіштері жоғары.


Қаңтар-сәуір айларында жалпы республикалық нысаналы индикаторға қол жеткізілді. 20 өңірдің 12-сі жоспарларын орындады немесе асыра орындады. Олардың қатарында Түркістан (148%), Қызылорда (137%), Қарағанды (122%), Маңғыстау (122%) және Ақмола (116%) облыстары бар. Орталық мемлекеттік органдар арасында Денсаулық сақтау (167%), Оқу-ағарту (153%), Ғылым және жоғары білім (152%), Сауда және интеграция (143%), Ауыл шаруашылығы (116%), Экология және табиғи ресурстар (108%) министрліктері белгіленген көрсеткіштерді асыра орындады.


Премьер-Министр 4 айдың қорытындысы бойынша облыстар мен орталық мемлекеттік органдардың дені НКИ бойынша көрсеткіштерді қамтамасыз еткенін, алайда 8 өңірдің нысаналы индикаторларға қол жеткізе алмағанын атап өтті. Аутсайдерлер – Ұлытау (52%), Абай (64%) және Жамбыл (65%) облыстары.


«Ұлытау және Жамбыл облыстары өткен жылы да жоспарды орындамаған. Аталған облыстардың әкімдері бұған дейін Инвестициялық штаб отырысында жағдайды биыл түзейміз деп уәде берген болатын. Бірақ, көріп отырғанымыздай, бұл өңірлер барлық облыстың ішінде ең соңғы орындарда қалып отыр», — деді Әлихан Смайылов. 


Қабылданып жатқан шаралар туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев және Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов баяндама жасады.


Баяндамашыларды тыңдап болған соң, Үкімет басшысы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша инвестицияларға жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылданатынын атап өтті.


Сонымен қатар Әлихан Смайылов Мәдениет және спорт (62%), Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі (61%) министрліктерінің НКИ бойынша жұмыс қарқыны өте баяу екенін атап өтіп, IT саласындағы жобалар санын ұлғайту, сондай-ақ туризм саласына инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.


Аталған мәселелер бойынша мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов пен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакиннің есептері тыңдалды.


Премьер-Министр осы жылы Үкімет алдында НКИ деңгейін 18,5 трлн теңгеге жеткізу міндеті тұрғанын атап өтті. Осыған байланысты өңірлер мен ведомстволар кемшіліктерді ескере отырып, негізгі капиталға инвестициялар тарту жұмыстарын күшейтуі қажет.


Сонымен қатар отырыста тікелей шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі өткен жылғы жұмыс қорытындылары қаралды.


Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровтың айтуынша, өткен жылы НКИ көрсеткіші $28 млрд құраған, бұл – соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Экономиканың негізгі салаларында жалпы құны 2,3 трлн теңге болатын 199 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. 2023 жылы 1,9 трлн теңгеге тағы 281 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.


Өткен жылдың қорытындысы бойынша инвесторлардың үздік ондығына Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Бельгия, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Франция, Ұлыбритания және Германия елдері кірді.


Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Үкімет алдына 2029 жылға дейін $150 млрд ТШИ тарту міндетін қойғанын атап өтті.


«Биыл экономикаға кем дегенде $24 млрд шетелдік капиталды тартуға тиіспіз. Министрлер мен әкімдер экономиканың басым секторларында шетелдік капиталдың қатысуымен жаңа әрі сапалы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті шараларды қабылдауы керек», — деді Премьер-Министр.


Одан бөлек отырысқа қатысушылар шетелдік инвесторлардың қатысуымен орындалатын ірі жобалар бойынша проблемалық мәселелерді қарады. Талқылау қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға оларды шешу бойынша түбегейлі шаралар қабылдауды тапсырды.