Жер тапшылығын қолдан жасаған облыстың 174 ауыл әкімі жазаға тартылды

83

Түркістан облысының 174 ауыл әкімі заңсыз әрекеттері үшін 5 млн теңгеге әкімшілік жауапқа тартылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Бас прокуратура мәліметінше, әкімдер «Қолжетімді жайылым» жобасының аясында ауыл аймақтарда сүт және ет өнімдерін өндіру бойынша көрсеткіштерді «жақсарту» мақсатында статистикалық есептерге қасақана шаруа қожалықтарындағы мал бастарын қосып жазған. 


Нәтижесінде бұрмаланған есептерді аудан әкімдері жайылымдық жерлерді басқару Жобасын түзу және бекіту барысында қолданған. 


Қазіргі таңда аталған статистика прокурорлардың ықпалымен ретке келтіріліп, облыс бойынша нақты қажеттілік 3 есеге, яғни 2,1 млн. га-дан 652 мың га дейін төмендеген.


Одан бөлек, прокурорлық актілердің негізінде қала, аудан әкімдіктерімен бұдан алдын бекітілген мағыналас Жобаларды қайта қарау жұмыстары жүргізілуде.


“Осы тектес кемшіліктерді алдын алу мақсатында стратегиялық жоспарлау және реформалар бойынша Агенттігіне, ауылшаруашылығы министрлігіне және цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне мал шаруашылығы саласындағы бағдарламаларды интеграциялау бойынша бірқатар ұсыныстар жолданды”, – делінген хабарламада.