Қосшыңырау жұрты "көгілдір отынның" игілігін көріп отыр
Қосшыңырау жұрты "көгілдір отынның" игілігін көріп отыр, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Қосшыңырау ауылдық округінің әкімі Сейдуали Әбдіқадыров 2023 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді баяндады.
- Өздеріңізге белгілі, округіміздегі ең өзекті мәселелердің бірі ауылымызды газбен қамтамасыз ету болатын. Өткен жылы осы бағытта округке қарасты Абай және Досан елді мекендерін газдандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Досан елді мекеніндегі медициналық бекеттің құрылысы аяқталды, ендігі ретте құқықтық құжаттары рәсімделуде. Бұдан бөлек, Досан елді мекеніндегі 5 көшені асфальттау, 10 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілді.
Абай елдімекеніне кіре беріс автокөлік жолына жарық бағаналары орнатылды және Досан елдімекеніндегі көшелер жарықтандырылды. Сондай-ақ, Абай және Досан елді мекенінен мектепке баратын басты 3 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды. Аталған жобалармен қатар, ауыл тұрғындарының сұранысына сәйкес Абай ауылындағы саябақ абаттандырылып, Досан ауылына жаттығу алаңы салынды. Ал, биыл округке қарасты Досан елдімекенін талапқа сай электр қуатымен қамтамасыз ететін боламыз. Бұл жоба бойынша құрылыс жұмыстары сәуір айында бастау алмақ, - деді ауылдық округ әкімі Сейдуали Әлайдарұлы.
Бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде округте 227 кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істеуде. 2023 жылы 35 кәсіпкерлік субъект тіркеліп, 35 жаңа жұмыс орындары ашылды. Мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен 17 млн. теңге қаржыны құрайтын 32 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ, «Еңбек» бағдарламасы аясында жалпы құны 19 млн. 660 мың теңгені құрайтын 12 жоба мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 17 млн. теңгені құрайтын құс етін өндіру және пенаблок шығару жобалары қаржыландырылды.
Фото: Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі